Соңғы қоңырау 25 мамырға қайтарыла ма? Министр жауап берді

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев соңғы қоңырау күнін 25 мамырға қайтару көп өзгеріске алып келетінін айтты.

Үкімет кулуарында журналистер келесі жылы соңғы қоңырау 25 мамырға қайтарылуы мүмкін бе деп сұрады.

Бұл мәселеге қатысты бірінші кезекте мамандар шешім қабылдауы керек. Өйткені бұл жай ғана 25 мамырға қайтара салу емес. Бұл нақты мемлекеттік стандарттың, бағдарламаның 36 аптаға созылуына қатысты дүние. Енді оны бірден қалпына келтіру басқа да өзгерістерге алып келеді. Яғни, алты күндік оқу жоспарына немесе пәндегі оқу сағаттарының қысқаруына алып келуі мүмкін. Бұл жай ғана қайтара салатын дүние емес, — деп жауап берді Ғани Бейсембаев.

Министр білім саласындағы мұндай шешімді жіті, дұрыс сараптаудан өткізіп барып қана қабылдау керек екенін айтып өтті.