Басты бетЖаңалықтарМектептерде аттестат...

Мектептерде аттестат табыстау шаралары қалай өтеді?

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Алматы білім басқармасы басшысының орынбасары Жанат Айтпаева мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлық ретінде ақша жинауға тыйым салынғанын айтты.

Білім басқармасы педагогикалық әдепті сақтау және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында сынып сағаттары мен жүргізушілерді, дипломдар мен сертификаттарды салтанатты түрде тапсыру кезінде іс-шараларды өткізуге ата-аналардан қаражат жинауға, аниматорларды, мерекелік агенттіктерді тартуға жол берілмейтінін айтып өтеді. Сонымен қатар мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлық ретінде қаражат жинауға тыйым салынады, — деді білім басқармасы басшысының орынбасары.

11-класс түлектеріне жалпы орта білім беру туралы аттестат өз мектептерінің қабырғасында 20-22 маусым күндері салтанатты түрде табыс етіледі.

Биыл оқу жылын 28 мыңнан астам 9-класс және 14 мыңнан астам 11-класс оқушылары бітіріп жатыр. 9-класс оқушылары үшін бітіру емтихандары 2-13 маусым аралығында, ал 11-класс бітірушілер үшін мемлекеттік бітіру емтихандары 5-19 маусым аралығында өтеді. Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) 18 мамырдан 5 шілдеге дейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында өтеді, — деді Жанат Айтпаева.