1 мамырдағы жағдай бойынша 94,2 мың отбасындағы 494,3 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалды. Биыл осы мақсатқа бюджеттен 73,9 миллиард теңге бөлінді.
Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
АӘК отбасының әрбір мүшесіне, жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-інен төмен азаматтарға тағайындалады.
Биыл 1 қаңтардан бастап бір жас пен алты жастағы балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік топтама көмектің заттай түрінен, монетизациялау форматына, яғни 1,5 АЕК мөлшерінде (2023 жыл – 5 175 теңге) қосымша ақшалай төлем түріне ауыстырылды. 2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша АӘК алушылар қатарындағы бір жастан алты жасқа дейінгі балаларды қоса алғанда – 150,8 мың балаға қосымша төлем тағайындалды, — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығында, ауыл округінің әкіміне сонымен қатар egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы бере алады.