Көпбалалы отбасыларға 135 миллиард теңге жәрдемақы төленді

Биыл орта есеппен 540,7 мың көпбалалы отбасыға жалпы сомасы 135,4 миллиард теңге мемлекеттік жәрдемақы төленді. Соның ішінде сәуір айында 548 мың отбасы 34,3 миллиард теңге жәрдемақы алды.

Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Бұл мемлекеттік жәрдемақыға төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.

Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп, төленеді:

төрт баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 55 304 теңге;

бес балаға – 20,04 АЕК немесе 69 138 теңге;

алты балаға – 24,05 АЕК немесе 82 973 теңге;

жеті балаға – 28,06 АЕК немесе 96 807 теңге;

сегіз және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 13 800 теңге.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 8,5%-ке артты.