Елімізде музейге келушілер саны 6 миллион адамнан асты

Елімізде былтырғы қорытынды бойынша музейге келушілер саны 6 миллион адамнан асты. Бұл туралы мәдениет және спорт министрлігі хабарлады.

Қазіргі таңда елімізде 271 мемлекеттік музей жұмыс істейді. Былтыр олар 166 801 экскурсия ұйымдастырды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 41 мыңға көп. Ал көрме саны – 8 393. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғы нәтижемен салыстырғанда 1 484 көрмеге артық, — делінген хабарламада.

Былтырғы қорытынды бойынша музейге келушілер саны 6 миллион адамнан асты. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 1 миллионға жуық көп. Бұл ретте келушілердің 35%-і немесе 2,175 миллион — балалар.

Негізгі музей қорларындағы экспонаттарының саны — 2,6 миллионнан асады, оның ішінде 350 мыңы — аса құнды жәдігерлер. Миллионнан астам экспонат электронды форматта ұсынылған. Сонымен қатар ҚР музей қорының мемлекеттік каталогы жұмыс істейді, оған қазіргі уақытта 114 мемлекеттік музейден 130 мыңнан астам экспонат қосылды. Ұлттық мәдени мұра нысандарының қатарына 61 музей қорынан 5 000-ға жуық жәдігер кіреді, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, 18 мамырда бүкіл әлемде халықаралық музейлер күні атап өтіледі. Атаулы күнге орай дүниежүзінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Соның ішінде мысалы, Қазақстанның музейлері белсенді қатысатын «Музейлер түні» акциясы. Акция 1977 жылдан бері ICOM халықаралық музейлер кеңесінің бастамасымен жүзеге асырылып келеді.