Алматыда Әлия мен Мәншүк алаңы абаттандырылады

Жыл соңына дейін Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова алаңы жөнделіп, абаттандырылады. Бұл туралы Ерболат Досаев Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесуінде айтты.

20 маусымға дейін Күләш Байсейітова атындағы жаяу жүргіншілер көшесін абаттандыру аяқталады. Содан кейін Әлия және Мәншүк скверін абаттандыру мен реконструкциялау жұмыстарын басталады. Жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарда бар, — деді қала басшысы.

Оның айтуынша, биыл ауданда 69 аула мен аз қабатты тұрғын үйдің 47 қасбетін жөндеу жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда төрт үйдің фасады жөнделді, ал қалғандары шілде айының соңына дейін аяқталады. Биыл сәуір айынан бастап аудан әкімдігі жасыл аймақтың бәрін автоматты суару жүйесімен жабдықтап, Дүйсенов атындағы жаяу жүргіншілер көшесі мен жеті скверді модернизациялау және көгалдандыру жұмыстарын бастады,- деді әкім.