1 маусым Балаларды қорғау күні қарсаңында ЮНИСЕФ қоры Ninety One тобының әншілерін ізгі ниетті елшісі етіп тағайындады. Танымал q-pop тобының мүшелері енді балалар құқығын қорғаумен айналысатын әлемдегі өзге де атақты адамдардың қатарына қосылды.
ЮНИСЕФ балалар қорының Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен Ninety One тобы қордың ұсынысын қабылдағаны үлкен мәртебе екенін айтты.
Топтың ұсынысымызды қабылдағаны үлкен мәртебе. Қазақстандағы балаларға қатысты маңызды әрі өзекті проблемаларға назар аударту барысында олардың таланты мен танымалдығы үлкен рөл ойнайды. Қазір біз бірге атқаратын іс-шараларды жоспарлап жатырмыз. Биыл Ninety One тобын UNICEF talks форумынан көресіздер. Ол жерде жастар жастар алдына шығып, аса маңызды тақырыптарды қозғайды, — деді ол Қазақстан баспасөз клубында өткен брифиңде.
Bala деген лақап атпен танымал Данияр Құлымша топ балалар болашағы үшін қордың ізгі ниетті елшісі болып жатқанын айтты.
Біз бала күнімізде көрген қиындықты қазіргі кішкентайлар көрмесе екен дейміз. Сол үшін ЮНИСЕФ-пен біргеміз. Балаларға қысым көрсетілмесін, олардың дені сау болсын, болашағы жарқын болсын деген оймен ізгі ниетті елші болып жатырмыз, — деді Данияр Құлымша.
ЮНИСЕФ қорының елшісі болу әншілер үшін өте үлкен жауапкершілік. Бұл туралы Zaq деген лақап атпен белгілі Дулат Мұхаметқали айтты.
Бұл қызмет біз үшін де үлкен мәртебе, ал одан бұрын үлкен жауапкершілік. Себебі біз әндеріміз арқылы әрі өзіміз үлгі болып, жас тыңдармандарымызға жақын болуға тырысып келеміз. Бұл жолда ЮНИСЕФ сияқты үлкен ұйымға қосылғанымызға қуанамыз. Ойымыз, пікіріміз тоғысады. Жастар арасында ірі проблемалар өте көп, оның ішінде жан саулығы, кибербуллиң және әлеуметтік мәселелер бар. Біздің миссиямыз сол проблемаларды шешуге атсалысу, — деді Дулат Мұхаметқали.
Оның айтуынша, топ пен қор біріккен жұмыс енді басталып жатыр. Сондықтан негізгі жоспар әлі талқыланып жатыр.
Негізі біздің басты екі тақырыбымыз бар, олар: жан саулығы және кибербуллиң. Кибербуллиң өзіміздің басымыздан да өтті. Сондықтан оның не екенін және онымен күресу аса маңызды екенін түсінеміз, — дейді Zaq.
Топ мүшесі Батырхан Мәлік (Alem) жастарды, қатарластарын түсінуге Eagles жанкүйерлері көмектескенін айтты.
Бала күнімізде ересектер бізді жақсы түсінсе екен дейтін едік. Есейген соң балалардың арман-мақсаты қаншалық маңызды екенін ұғып келем. Олардың ойы еркін, тәуелсіз болғаны маңызды. Оның үстіне Eagles жанкүйерлеріміздің арқасында жастарды, олардың не қалайтынын білдік. Сондықтан әндеріміз арқылы оларға жігер беруге, ынталандыруға тырысып, мақсат қойып, оған жетуге шақырамыз. Енді бұл қызметті ЮНИСЕФ-пен бірге жалғастыруға ниеттіміз, — деді Батырхан Мәлік.
Айта кетейік, қор ел үкіметі мен азаматтық қоғамымен бірге 30 жылға жуық уақыт жұмыс істеп келе жатыр. Осы уақыт ішінде жасөспірімдердің суицид жасау санын азайту, балалардың жабық мекемелеріне тәуелсіз мониториң жүргізу жүйесі сияқты біршама жұмыс атқарылды.
ЮНИСЕФ балалар қорының Қазақстандағы алғашқы ізгі ниетті елшісі әнші, музыкант Батырхан Шүкенов болған еді. Қор бес жылдан бері балалардың құқығын қорғау саласында шахматшы Динара Сәдуақасовамен жұмыс істеп келеді.