Биыл үш айдың ішінде республика бойынша 17 мың отбасы 372 миллион теңгеден астам қаражатқа тұрғын үй көмегін алды.
Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.
Бүгінде заң бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтардың коммуналдық қызмет ақысын ішінара өтеу шаралары бар.
Елімізде мұқтаж азаматтардың коммуналды қызметтерге жұмсалған шығындарын өтеу үлесі орта есеппен – 52,8%. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджеттен төленетінін, сонымен қатар оны тағайындаудың белгіленген ережелері бар екенін айта кетейік. Ал өтелетін шығындардың шекті деңгейі мен тұрғын үй көмегін тағайындау тәртібін жергілікті мәслихаттар бекітетінін ескерген жөн, — дейді министрлік мамандары.
Министрліктің мәліметінше, биыл бірінші тоқсанда 372 миллион теңгеден аса қаражатқа 17 мың отбасы тұрғын үй көмегін алды. Кейінгі төрт жылда 174 мыңнан астам азамат шамамен 5 миллиард теңгедей сомаға тұрғын үй көмегіне ие болған.
Әлеуметтік аз қамтылған отбасының табысы (мысалы төрт адамнан тұратын отбасыны алғанда) бір адамға шаққанда шамамен 25 798 теңгені, ал тұтастай отбасына есептегенде 103 192 теңгеден аспауға тиіс. Былтыр өтемақы мөлшері мен үміткерлердің санын ұлғайтатын өзгерістер енгізілді, — делінген хабарламада.