Президент жарлығымен Алматыдағы төтенше оқиға кезінде қаза болған өрт сөндіруші Арслан Құрманбеков ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Мемлекет басшысының жарлығымен қызметтік борышын атқаруда көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін төтенше жағдайлар министрлігінің Алматы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №7 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Арслан Жолдасбекұлы Құрманбеков ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды (марқұм), — деп жазды Ақорда.
Арслан Құрманбеков – азаматтық қорғаныс сержанты.
1994 жылғы 23 тамызда Алматы облысы Талғар ауданы Талғар қаласында дүниеге келген.
Еңбек жолын Алматы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші-құтқарушы ретінде бастаған.
Алматы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ №1 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші, аға өрт сөндіруші-құтқарушы болып қызмет атқарған.
Төтенше жағдайлар министрлігі Алматы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №7 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы лауазымына 2019 жылы тағайындалған.
Биыл 8 мамырда Арслан Құрманбеков Іле-Алатау табиғи паркінің тау бөктеріндегі өртті сөндірген жедел топтың құрамында қызметтік борышын атқара жүріп, қайғылы жағдайда қаза болды.