Медеудегі тау баурайындағы өрттің қазіргі жағдайы қандай?

өрт, таудағы өрт
Фото: Аяулым Жақсылық/Baribar.kz
Медеудегі тау баурайынан шыққан өрт әлі толық сөндірілмеді. Өрт кезінде өрт сөндіруші қаза тауып, тағы бір ТЖД қызметкері жарақат алды. Baribar.kz тілшісі оқиға болған жерге барып қайтты. 

Өрт 7 мамырдағы сағат 23:50-де тұтанған. Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің өрт сөндіру басшысы Дәулет Жетпісбаевтың айтуынша, өрттің неден шыққаны әзірше белгісіз.

Өрттің неден шыққаны туралы нақты ақпарат жоқ. Негізгі ошақ 9 мамырда сағат 18:00-да сөндірілді, бірақ өрт толықтай өшкен жоқ. Кез келген уақытта қайта тұтануы мүмкін, сондықтан қызметкерлер сағат 6:00-дан бастап жұмыс істеп жүр, — дейді ол. 

Олар жанған бұтақтарды кесіп, бықсып жатқан ошақтарды сөндіріп жатыр. 

Өрт болған жерден 100 метр қашықтықта қызметкерлер жұмысқа керек жабдықтарды әкеп, әлденіп алатын орынға жайғасты.

Фото: Аяулым Жақсылық/Baribar.kz

Дрон арқылы өрт болған жерді сөндіріп жатқан әріптестеріне тамақ пен су жіберді.

Фото: Аяулым Жақсылық/Baribar.kz

Дәулет Жетпісбаев бізді рұқсат берілген жерге дейін апарды.

Жолда өрт сөндіріп жатқан қызметкерлерді кездестірдік. Олар жанған бұтақтарды кесіп, арқасындағы сыйымдылығы 20 литр болатын сөймкедегі сумен бықсып жатқан ошақтарды сөндірдіп жүр.

Өрт сөндірушілердің айтуынша, сөмкедесі су ары кетсе 5 минуттан соң таусылады. Оны ауыстыру үшін басқа қызметкерлер су толы екі-үш жабдықты иығына арқалап, әріптестеріне апарады.

Фото: Аяулым Жақсылық/Baribar.kz

Дәулет мырза тауда тек алды-артына емес, өрге де қарау керек екенін айтты. Өйткені жоғарыдан тас, бұтақ, немесе бөрене құлап, адам жарақат алу әбден мүмкін.

Мысалы қызметкерлер төбеден домалап келген мына бөрененің астында қалып қоя жаздаған. 

Фото: Аяулым Жақсылық/Baribar.kz

Біз осы бөрененің астында қала жаздадық. Түске дейін осы жердегі кесілген ағаштың түбін төрт-бес адам сөндіріп жатты. Кенеттен біз “Бойся-қорық” деген айғай естідік. Біз ол сөзді қауіп төніп жатқан кезде айтамыз. Жоғарыға қарасақ, осы үлкен бөрененің құлап жатқанын көріп, бәріміз жан-жаққа қаштық,- деді Дәулет Жетпісбаев.

Өрт кезінде азаматтық қорғау сержанты Арслан Құрманбеков қайтыс болды.

Нақты неден қайтыс болғаны белгісіз. Өрт сөндіріп жатқанда жанып жатқан ағаштың діңі үстіне құлаған сияқты, — дейді Дәулет Жетпісбаев.

Айналаның бәрі күйік болғандықтан, бізге әрі қарай жүруге рұқсат бермеді.

Фото: Аяулым Жақсылық/Baribar.kz

Медеуде қауіп төніп жатса да, демалушылар өте көп. Адамдар өрт болған жерге жақындаса, өрт сөндірушілер бірден оларға ескертіп, бері қарай өткізбейді. 

Еске салайық, 7 мамырда Медеудегі тау баурайында өрт шықты. Іле-Алатау паркі мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде, Кіші Алматы орманшылығы 38-аумағында құрғақ және қураған ағаш өртенген.