Абылай Мырзахметов қамауға алынды

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының экс-басшысы Абылай Мырзахметов екі айға қамауға алынды.

2023 жылғы 12 мамырда Астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Абылай Мырзахметовке қатысты екі ай  қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын белгіледі, — делінген Антикор таратқан хабарламада.

Хабарламаға сәйкес, Абылай Мырзахметов алаяқтық және туысын қылмыстық жауапкершіліктен босатуға көмектескені үшін кәсіпкерді аса ірі көлемде пара беруге итермелеген деген күдікке ілінді. Антикор 10 мамырда оның ұсталғанын және оған қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады.

Абылай Мырзахметов 2022 жылы ақпанда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы қызметінен өз еркімен кеткен. Ол өзіне тағылған сынмен келісетінін айтып, Ұлттық палатаның кезектен тыс IX съезінде мәлімдеме жасады.

Ол бұған дейін ҚР президенті жанындағы экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі болған.

Сонымен қатар «Қазақстан темір жолы» РМК бас директорының міндетін атқарушы, «Самұрық-Қазына» қоры жанындағы қоғамдық-консультативтік кеңестің жауапты хатшысы болды.

2003 жылы мамырда Абылай Мырзахметов мемлекеттік мүлікті ұрлауды ұйымдастырды деген айыппен мүлкі тәркіленіп, шартты түрде бес жылға бас бостандығынан айырылған болатын.