Қазақстан мәдениеті туралы форматы тартымды ақпаратты қайдан табуға болады? Қазір әлеуметтік желілерде қазақ халқының тарихы мен мәдениетін жеңіл, қызық етіп түсіндіріп жүрген авторлар бар. Соның бірі — Нұрқожа Ерсайын. Ол TikTok-тағы аккаунтында платформаның миллиондаған қолданушысына арнап аңыз-әңгімелерді тарқатып түсіндіріп, тарих туралы қызық мәлімет ұсынып жүр. Нұрқожа қазақ тілі мен мәдениетін не себепті насихаттайтынын айтып берді.

– Нұрқожа, Қазақстан тарихы мен мәдениеті туралы айтуыңызға, қазақ тілін дәріптеуіңізге не түрткі болды?

– Кейінгі жылдары қазақ тілінің қолданыс аясы тарылып, тарихымыз, дәстүріміз көмескі тартып бара жатыр. Есесіне, осы мәселенің шешілуіне жан-жақтан атсалысуға дайын тұрған азаматтар бар. Ал олардың бәрі мұны не үшін істеп жүр дейсіз?

Өз ұлтыңның жанашыры болу үшін себеп-сылтау керек емес. Қазақ болғандықтан, тарихымызды біліп, ана тілінде сөйлеуіміз керек. Дәстүрімізді ұстанып, аталарымыз қалдырған аманатты сақтап, келесі буынға жеткізіп, жалғастыруымыз керек. Бұл – менің де борышым. Қазіргі бүкіл әрекетім бабаларымның маған артқан жауапкершілігі мен мұрасы деп білемін.

– Бұған дейін немен айналыстыңыз? Қай өлкеде дүниеге келдіңіз?

– Ұлытау облысындағы Жаңаарқа деген жердің тумасымын. Жасым 22-де. Жалпы, уақытты қызық өткізуге тырысатын, ауылда қой бағып өскен қазақтың қарапайым баласымын. Тарихпен қоса құсбегілікті ерекше жақсы көремін. Түркі елінің тарихы мен мәдениеті жайлы «Дереккөз» жобасының алғашқы шығарылымын да осы тақырыпқа арнадым. Оған қоса түрлі музыкалық аспап тартып, олар туралы айтып беріп жүрмін.

Нұрқожа Ерсайын
Нұрқожа Ерсайын. Фото жеке архивінен

Алға қойған мақсатым – өткенді еске сала отырып, елдің ұлттық рухын ояту, халқымыздың түркі әлеміне, мәдениетіне, тарихы мен дәстүріне қызығушылығын арттыру. Жалпы айтқанда, қазақылықты, түркі дүниесін насихаттауды мұрат көрем.

Негізі TikTok-та контент түсіру идеясын о баста жұбайым ұсынды. Зайыбым тарих туралы әңгімелерді қызықтырып айта аласың дейді. Жұбайымның ұсынысын қабылдағаныма әлі күнге дейін қуанамын.

– Тарих туралы ғана емес, аккаунтты қалай дамытуды да үйрететініңізді білеміз…

– Коммерциялық емес «Байса» деген офлайн-жобам бар. Барлық тыңдаушыма тегін. Осындай кездесулерде аудиториям мен достарыма TikTok-ты түсіндіріп жүрмін. Арасында өте жақсы нәтиже көрсеткендері де бар. Бірақ оларға бірдеңе үйреттім деп мақтанғым келмейді, адам шындап кіріссе, үйренеді. Сондықтан шәкірттерім өз ұмтылысының арқасында жақсы нәтижеге жетіп отыр. Айтайын дегенім, олар менсіз де осы табысқа жете алатын еді, мен тек олардың екі-үш жыл уақытын үнемдеп бердім.

Қазір адамдар әлеуметтік желіде өте көп уақыт жоғалтады. Сондықтан пайдалы ақпаратты осы жолмен жеткізген дұрыс деп санаймын. Өзімнің парақшамды дамыту арқылы оқырмандарымның санын да көбейтемін, нәтижесінде мен айтқан пайдалы ақпаратты барынша көп адам көреді. Бұл мен үшін өте маңызды.

– Өзіңіз қандай авторларды оқисыз?

– Шынымды айтсам, тарих туралы немесе соған ұқсас тақырыптарды көбіне орысша сөйлейтін авторлар түсіндіреді. Оларды оқымаймын. Сондықтан үлгі алатындай, жол сілтеуші дейтін авторларды біле бермейді екенмін. Жалпы, қазақша не ағылшынша бейнероликтерді көремін.

Нұрқожа Ерсайын
Нұрқожа Ерсайын. Фото жеке архивінен

Бірақ өзім жаңа, ешкімге ұқсамайтын формат құрастыруға тырысамын. Видеоларыма жазылған пікірлерді оқып отырамын. Қолым қалт етсе, сұрақтарға жауап беремін. Арасынан жаңа видеоға жүк болатын жақсы тақырыптар мен тың идеялар табылып жатады. Сондықтан оқырмандарымның пікіріне ылғи да құлақ асамын.

– Аудиторияңызға көбіне қандай видеолар ұнайды?

– Көрермендерім көбіне әртүрлі тарихи қате мен мифтерді жоққа шығарып, дұрысын көрсететін видеоларды ұнатады. Ал өзім маңызды тарихи, мәдени, әлеуметтік тақырыптар көтерілетін видеолар түсіргенді қалаймын.

– Әлеуметтік желіде танымал болғаныңыз оң өзгерістер әкелді ме? Бұл жоспарларыңызға қалай әсер етпек?

– Әрине, әлеуметтік желі өмірімді түбегейлі өзгертті дей аламын. TikTok-қа үш жылдан бері видео жариялалап жүрмін, дегенмен аккаунтымды кейінгі сегіз айдан бері дұрыстап қолға алдым. Үш жыл бұрын қарапайым студент едім. Қазір талай жобам бар, нетуоркиң қалыптасты. Түрлі іс-шараға тұрақты қатысып тұрамын, оған қоса өз елімізде де, шетелде де адамдар танып жатады. Бүгінде аккаунтыма жазылғандардың саны 30 мыңнан 180 мыңға дейін өсті. Ал нөлден басталған «Дереккөз» жобасына жазылғандардың саны 110 мыңға жетті. Осылай, өзіме ұнайтын іспен айналыса бастадым. Сол үшін бір жағынан осындай платформаның барына ризамын. Сәтін салса, алдағы уақытта көбірек дижитал жобалар ашуды жоспарлап отырмын.

– Әңгімеңізге рақмет!