Үкімет «Жаңаөзен – Ақтау» газ құбырынан автоматтандырылған газ тарату станциясы орнатылатын магистральдық газ құбыры құрылысын аяқтау үшін өз резервінен 3 миллиард 695 миллион 925 мың теңге бөледі. Премьер-министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды.
Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінде Ақтаудың солтүстік бөлігі қарқынды дамып келеді. Атап айтқанда, көп қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар құрылысы жүріп жатыр. Биыл қаланың кеңейіп келе жатқан бөлігін жылумен қамту мақсатында бірқатар блок-модульді қазандықтарды орнату және екі жаңа қазандық салу жоспарланған. Жаңа қуат көздері газбен жұмыс істейді, осыған байланысты тиісті инфрақұрылымды кеңейту қажет, — делінген хабарламада.
Жалпы ұзындығы 52 шақырым болатын жаңа газ құбыры Ақтаудың жаңа шағынаудандары, Мұнайлы ауданындағы Қызылтөбе, Дәулет, Баянды ауылдары, сонымен қатар Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр мен Сайын Шапағатов ауылдарының 150 мыңға жуық тұрғынын жылумен және тауарлық газбен қамтамасыз етеді.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, жоба құрылысы Каспий энергетикалық хабының сыртқы инфрақұрылымын дамыту аясында жүргізіліп жатыр.