Қазақстан мен Тәжікстан арасында түрлі салада 100-ден астам келісімшарт жасалған. Бұл жайында Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмоновпен Ақордада өткен кеңейтілген құрамдағы келіссөз кезінде айтты.
Мемлекеттеріміз арасында барлық деңгейлерде сенімді саяси диалог жолға қойылған. Біз бірқатар халықаралық құрылымдар шеңберінде өзара іс-қимыл жасап келеміз. Орталық Азияда тұрақты даму мен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп отырмыз. Екі арада әр түрлі саладағы 100-ден астам астам келісімшартты қамтитын салмақты келісім-құқықтық база бар. Бүгін бұл тізім маңыздың келісімдермен толыға түспек, — деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан көптеген жыл бойы Тәжікстанның екінші ірі сауда серіктесі болып келе жатқанын еске салды.
Біздегі деректер бойынша, былтырдың өзінде өзара сауда көлемі 1 миллиард 400 миллион доллар болды. Екіжақты күн тәртібін ілгерілетуге экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның, сонымен қатар тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жұмыс тобының қызметі елеулі үлес қосып отыр. Олардың жұмысы қазақ-тәжік іскерлік кеңесін тиімді толықтырады, — деді мемлекет басшысы.