Басты бетЖаңалықтарАстаналық театр...

Астаналық театр Ақ Жайыққа өнер сапарымен келді

Орал қаласына Астана әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры гастрольдік сапармен келді. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Театр 13-18 сәуір күндері  Оралдағы Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Гауһартас», «Шәмші»,   «Ғашық жүрек», «Махаббат бар ма?» және тағы да басқа қойылымдарды көрермен назарына ұсынбақ.

Театр ұжымын облыс әкімі Нариман Төреғалиев арнайы қабылдады. Қабылдауға театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, PhD доктор, президенттік халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі Асхат Маемиров, 71-ші Канн халықаралық кинофестивалінің жеңімпазы Самал Еслямова, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Асылхан Төлепов, актерлер Аман Ғұмаров, Армат Амандықов, Оразалы Игілік, Ернар Мұхамбет және Жұлқаш Жұмажан келді. Кездесу барысында өнерді дәріптеу, театрды қолдау, жас буынның тәрбиесі өңірдегі театр өнерін дамыту мәселелері талқыланды.

Қасиетті Ақ Жайық өңіріне қош келесіздер. Өнер – халқымыздың басты құндылығы. Ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін өнер әлемінде жалғап келе жатқан театр – көрермендер арасындағы алтын көпір. Сіздер ұйымдастырған театрдағы шаралардың, қойылымдардың жастар тәрбиесіндегі рөлі өте зор, — деген өңір басшысы өнер ұжымының Ақ Жайық өңіріндегі гастролдік сапарының сәтті өтуіне тілектестік білдірді.

Театр директоры Асхат Маемиров өзі басқаратын театрдың қызметі, сондай-ақ отандық театрлардың жұмысы туралы баяндады. Ол туған жерге табан тіреген кездегі толқынысын жасырмай, құшақ жая қарсы алған жерлестеріне ризашылығын білдірді.

Өнер айдынына енді қадам басқан жас театр 2020 жылдың 1 қазанында құрылған болатын. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында тұсауын кескен театрдың алғашқы қойылымы халқымыздың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай сахналанған М.Әуезовтің «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы болып отыр.

Музыкалық жас көрермен театрының жұмысы өскелең ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды дарытып, отандық және әлемдік музыкалық қойылымдарды сахналау арқылы балалар мен жасөспірімдердің мәдени-эстетикалық әлемін, таным-тағылымын, шығармашылық әлеуетін жетілдіруге бағытталған.

Аталмыш театрдың баспасөз хатшысы Әділғазы Кереевтің айтуынша, құрылғанына үш жылдай уақыт болса да көрермен қошеметіне бөленіп үлгерген жас театр ұжымын Атырау өңірі жақсы қабылдаған.