Алматы әкімі Ерболат Досаев азаматтық қорғаныс нысандарын аралап, өрт сөндіру депосының құрылысымен танысты.
Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әкімдіктің мәліметінше, қазір қалада 19 өрт сөндіру бөлімшесі бар. Нормаға сәйкес, өрт сөндіру депосына қызмет көрсету радиусы үш шақырымнан аспауға тиіс. Қаланың өсуін, көлік жүктемесі мен халық санының көбеюіне байланысты тағы 15 өрт сөндіру депосы жетіспейді. Ал құрылысы жүріп жатқан өрт депосы Бостандық ауданының «Нұр-Алатау» шағынауданында орналасқан.
Депо «Қазақфильм», «Алатау», «Нұр-Алатау», «Ерменсай», «Көкшоқы» сынды бес шағынауданның тұрғындарын өрттен қорғаумен қамтамасыз етеді. Пайдалануға берілген соң ол құтқарушылардың өрт орнына келу уақытын қысқартады, — делінген хабарламада.
Ерболат Досаев құрылысты жеделдетіп, биыл желтоқсанда нысанды пайдалануға беруді тапсырды.
Сонымен қатар алдағы жылдары Түрксіб, Бостандық, Наурызбай аудандарында тағы үш өрт сөндіру депосын салу жоспарланған. Бұған қоса қала әкімі құтқарушылар үшін арнайы техника сатып алуға қаражат бөлуді, Алматының қорғаныс құрылыстарын мемлекетке қайтаруды қарастыруды тапсырды.