Министр азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы айтты

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев 2022-2024 жылдарға арналған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары туралы баяндады.

Жоспарда 31 іс-шара көзделген, оның 17-сі өнім өндіру көлемін ұлғайту, аграрлық ғылымды дамыту және тауарларды сақтау, 7-сі – азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, 7-сі – азық-түлік тауарларының қауіпсіздігі мен сапасы бойынша жүргізіледі. 31 шараның 11-і 2022 жылы орындалды және 20 шара 2023-2024 жылдарға жоспарланған.

Жалпы 2022 жыл қорытындысы бойынша азық-түлік өндірісі көлемі 3,9%-ке артып, 2,9 триллион теңге болды. Бұл ретте азық-түліктің негізгі түрлерін: өсімдік майы, ұн, макарон өнімдері, жарма, шұжық өнімдері мен қантты өндіруде өсім байқалады. Керісінше, өндіріс төмендеген бірқатар өнімдер бар және олар негізінен сүт өнімдері: сары май, сүт, ірімшік және сүзбе, ашытылған сүт өнімдері, — деді Ербол Қарашөкеев үкіметтің бүгінгі отырысында.

Меншікті өндіріс есебінен қамтамасыз ету 2022 жылы шұжық өнімдері бойынша 56,4%-тен 61%-ке дейін, алма бойынша–73,7%-тен 75,6%-ке дейін, құс еті бойынша–65,4%-тен 68%-ке дейін, қант бойынша–42,6%-тен 51%-ке дейін ұлғайды. Бұл ретте ірімшіктер мен сүзбе бойынша 56%-тен 53%-ке дейін төмендеу байқалады.

Сүт өнімдері бойынша тағы төмендеу тіркеліп отыр. Бұл қазіргі уақытта сүт өнімдерін өндіру проблемасы барын растайды, ол шикізат базасының дамымауымен байланысты, — деді ауыл шаруашылығы министрі.