БҚО ауылдарына медицина мамандары қажет

БҚО ауылдарына медицина мамандары қажет. Бұл турасында Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың өңір жұртшылығымен жүздесуінде айтылды.

Министр алдымен Теректі аудандық ауруханасына барды. 160 төсектік емдеу мекемесінде қазіргі таңда 36 жоғары білімді дәрігер, 169 орта буын медицина қызметкері еңбек етуде. Мұнда кадр тапшылығы да жоқ емес. Мәселен, ауруханада көз дәрігері, невропатолог, кардиолог, балалар психиатры, ультрадыбыстық тексеру дәрігері, акушер-гинеколог мамандар жетіспейді.

Дәл осындай кездесу Бөрлі аудандық ауруханасында да өтіп, министр ауылдық жерлерде алғашқы дәрігерлік көмек көрсету, ана мен бала саулығын жақсарту, қауіпті аурулардың алдын алу, дәрі-дәрмекпен уақтылы және толық көлемде қамтамасыз ету мәселесін шұғыл шешуге тапсырма берді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, денсаулық сақтау саласын жаңарту бойынша кешенді шаралар қолға алынды. Оң өзгерістер бар. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында жалпы адам өлімі 29 пайызға төмендеді. Қан айналымы дерттерінен көз жұмғандар саны 13, обырдан қайтыс болғандар 7 пайызға кеміді, ана өлімі 2,9 есе азайды. Өткен жылы өңірдің 36 мыңнан аса тұрғыны дәрігерлік қадағалауға алынып, 2 мыңға жуық адамнан қан қысымының жоғарылауы, қант диабеті, бүйрек дерттері анықталды, — деді Ажар Ғиният халықпен кездесуде сөйлеген сөзінде.

Оның баяндауынша, 2023 жылы ауыл медицинасын жаңғыртудың Ұлттық жобасы аясында ел бойынша жалпы саны 655 дәрігерлік нысан, ал БҚО-да 50 нысан салынбақшы. Жұмыс істеп тұрған ауруханалар ірілендіріліп, оларға заманауи медицина жабдықтары орнатылмақ. Сөйтіп, ауыл халқы сапалы дәрігерлік көмек алу үшін бұрынғыдай алысқа сабылмайды деп жоспарлануда.

Жұмыс сапарының екінші күні Ажар Ғиният өңірдегі ҮЕҰ өкілдерімен кездесті.

«Еститін Үкімет» тұғырнамасы аясында республиканың түкпір-түкпіріне барып, тұрғындармен жүздесудеміз, жағдайларын білудеміз. Бұл жұмыс әрі қарай жалғаса береді, — деді министр.

Қоғам белсенділері жас мамандарды ауылға тарту, мүгедектерді шипажайға жолдау, дәрі-дәрмекпен қамтудағы түйіткілдерді жергілікті денсаулық сақтау басқармаларымен бірлесіп шешу мәселелерін көтерді.

Министр жұмыс сапары аясында облыстық онкологиялық диспансер жанынан құрылған Ядролық медицина орталығының ашылу рәсіміне қатысты.