Оралдағы Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Boken Animation» ұжымының «Бейнеле» атты анимациялық мультсериалының тұсаукесері өтті. Аталмыш мультфильм мектеп шәкірті Досжан Бөкенбайдың бастамасымен құрылған «Boken Animation» ұжымының тырнақалды туындысы.
Досжан Оралдағы №30 орта мектептің 11-сынып оқушысы. Ол 10 жасынан бастап сурет салумен, анимациямен айналыса бастаған. Суреттерге жан бітіріп, өңірімізде қазақ тілінде тұңғыш мультфильм түсірген кейіпкеріміз Досжанның алдына қойған арман-мақсаты айқын. Ол сегіз адамнан тұратын команда жинап, бейне сабақтар арқылы анимацияның күрделі негіздерін түсіне бастады. Бас суретші – Ринат Ахмедияров. Осылайша «Бейнеле» картинасын жасау үдерісі басталды. Мультфильмнің басты кейіпкері – Дарын есімді жасөспірім. Мультфильмде Дарын мен оның достарының өмірі суреттеледі. Орал қаласының көрікті жерлерін көрермен назарына ұсына отырып, жастар арасындағы махаббат, достық, өнер, еңбекқорлық тақырыптары қозғалады. Досжан бізге топпен жұмыс істеудің қызығы мен қиындығы туралы айтып берді.
Жалпы, өзің ойлаған дүниені бейнелеген ләззатқа бөлейді. Әр топ мүшесінің жұмысқа өз идеясын қосу еркіндігі бар. Сол себепті жұмыс барысы топ мүшелерінің бәрінің көңілінен шығады. Қиындығы – сурет салуға ұзақ уақыт керек, — дейді ол.
Бір қуанарлығы, анимациялық мультфильмді көруге жасөспірімдер көп жиналды. Екі сеанста да залда инешаншар орын болмады. Көрермендер өз қаласы бейнеленген, қазақ тіліндегі туындыны жылы қабылдады.
Қазір жасөспірімдердің көбі өзге тілдегі мультфильмдерді қарайды. Өйткені қазақ тілінде контент өте аз. Өзім де орыс тіліндегі дүниелерді қарап өстім. Көптеген мультфильм тек соңғы жылдары қазақ тілінде дыбыстала бастады. Сондықтан негізгі мақсатым – қазақ тіліндегі контент қалыптастыру, – дейді жас аниматор.
Досжанның жоспары көп. Биыл мектеп бітіретін ол өзі армандаған жоғары оқу орнына түсіп, анимация саласын терең зерттеуді қолға алмақ. Сондай-ақ анимациялық сериясын аяқтап, басқа да қызықты жобаны өз тобымен бірге жүзеге асырғысы келеді.