Жаңаөзен жастарын жаңа кәсіптерге баулу жолында

Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры арқылы қаржылай қолдау тапқан «Жарқын Болашақ» жобасындағы 177 жасөспірімнің басым бөлігі, яғни 161-і колледждерде орта арнаулы кәсіби білім алып жатыр.

Қалған 16 оқушы мектеп қабырғасында оқуға ден қойған. Осылайша 12-22 жас аралығындағы жаңаөзендік өскелең ұрпақ өкілі «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қамқорлығының арқасында елдің тоғыз өңіріндегі 45 жетекші білім беру ұйымына түсіп отыр.

Бізге үкіметтік емес ұйымдар тарапынан көптеген өтінімдер түскенімен, олардың ішінен нағыз халыққа пайдалы, өзекті әрі әлеуметтік маңызға ие жобаларды таңдап, қамқоршылық кеңес мүшелерінің назарына ұсынамыз. Оған дәлел, биылғы 1-тоқсанда 64 өтінім келіп түскенмен, нақты мақұлданған жобалардың саны жетеуді құрады. Еліміздің бірқатар озық оқу орындарында алаңсыз оқуына жағдай жасалған жаңаөзендік балалар да жақсы оқып, сұранысқа сай мамандықтарды игеретініне сенеміз. Себебі, бір ғана 250 мыңнан астам адам еңбек ететін «Самұрық-Қазына» компанияларында мұнай саласынан бөлек, ел экономикасындағы үлесі зор көлік-логистика, химия және атом өнеркәсібі, тау-кен кешені, энергетика және жылжымайтын мүлік, тағы басқа салалар бар, — деді Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева.

Жалпы сомасы 300 миллион теңгеге жуықтайтын жоба бойынша 49 қатысушы техникалық, 10 қатысушы — педагогикалық, 46 қатысушы — ақпараттық технологиялар, 12 қатысушы — экономика және бизнес, 10 қатысушы — спорт, 11 қатысушы — өнер, 4 қатысушы — медицина, 25 қатысушы — гуманитарлық бағыттарда, 10 қатысушы — Республикалық физика-математика мектебінде білім алып жатыр.

2022-2023 оқу жылының бірінші жартысының қорытындысына сәйкес, жоба аясында колледжде оқитын 161 студенттің барлығы қорытынды емтиханнан сәтті өтті. 161 студенттің 12-і 1-семестрді «Өте жақсы» (GPA 3,67 — 4,0), 121-і «Жақсы» (GPA 2,67 — 3,33) және 28-і «Қанағаттанарлық» (GPA 1,0 — 2,33) деген нәтижемен аяқтады. Мектептегі 16 оқушының 8-і — «Жақсы» және 8-і — «Қанағаттанарлық» деген қорытынды нәтиже көрсетті, — деді жоба операторы.

Үлгерімі төмен қатысушылардың көрсеткіштерін жақсарту мақсатында білім беру ұйымдарымен келіссөздер жүргізіліп, қосымша сабақтар ұйымдастырылған. Сонымен қатар жоба қатысушыларының жан-жақты дамуын қолдау мақсатында тимбилдингтер, «Қаржылық сауаттылық» тақырыбында семинар-тренинг, «Білімнің маңыздылығы» тақырыбында спикерлермен кездесулер және жобаның инстаграм парақшасында әртүрлі бағытта байқаулар қолға алынған.

Сонымен қатар «Жарқын болашақ» жобасының қатысушылары қоғамдық, зияткерлік және спорттық бағыттар бойынша түрлі іс-шараларға белсенді қатысып, жеңімпаз атанып жатыр. Оқу жылының басынан бастап 41 жоба қатысушысы түрлі республикалық, қалалық және колледжішілік сайыстарда топ жарып келеді.

Ата-аналар тарапынан толық ризашылықты байқаймыз. Өйткені Жаңаөзеннің балаларының жаңа мамандықтарды игеріп, болашағын көркейтуге толық мүмкіндігі бар, — дейді Bilim Foundation корпоративтік қорының жетекшісі Ерлан Айтмұханбет.