Басты бетЖаңалықтарҮкіметте азық-түлік...

Үкіметте азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі талқыланды

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша ұсыныстар мен Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қаралды.

Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Кеңеске Канада, Ұлыбритания және Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшілері, АҚШ сауда палатасының, Еуропалық қайта құру және даму банкінің, Азия даму банкінің өкілдері, орталық мемлекеттік органдар мен бірқатар жеке компания басшысы қатысты.

Премьер-министр Қазақстанның өңірлік және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен үлес қосып отырғанын айтып өтті.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саясаты ең алдымен ішкі нарықты отандық азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған. Былтыр 2024 жылға дейінгі азық-түлік қауіпсіздігі жоспарын қабылдадық, ауыл шаруашылығын әртараптандыру аясында 2030 жылға дейінгі АӨК-ті дамыту тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатыр, — деді Әлихан Смайылов.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды факторлардың бірі – климаттың өзгеруіне бейімделу процесі. Бұл мақсатта Қазақстанда баламалы энергия көздеріне кезең-кезеңімен көшу және энергия тиімділігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.