Әлихан Смайылов: Бензин мен дизель отынының бағасын көтеруге мәжбүрміз

Премьер-министр Әлихан Смайылов бензин мен дизель отынының шекті бөлшек сауда бағасы неге көтерілетінін түсіндірді.

Кеше энергетика министрлігі дизель отыны мен бензин бағасын көтеру туралы құжат жобасын жариялады.

Бұл оңай шешім емес. Бұл шешімді қабылдауға біз мәжбүр болып отырмыз. Егер қазір мұнай өнімдерінің бағасын қайта қарамасақ, онда жақын арада біз тапшылыққа тап боламыз, — деді Әлихан Смайылов үкімет отырысынан кейін.

Оның айтуынша, Қазақстанда дизель отыны мен бензиннің тұтыну деңгейі өте жоғары. Мысалы, елімізде дизель отыны жылына бір адамға 370 литрден келеді. Ал Ресейде бұл көрсеткіш – 225 литр ғана. Қырғызстанда – 98 литр, Өзбекстанда – 44 литр немесе сегіз есе төмен.

Сонымен қатар тұтыну деңгейі қарқынды өсіп барады. Мұндай жағдай жанар жағармайдың көрші елдерге транзиттік көлікпен және сұр экспорт ретінде шығарылуымен байланысты. Бірақ экономиканың негізгі салаларында жанармай тұтыну деңгейі айтарлықтай өзгерген жоқ. Мемлекет жанармай өндірісін ұлғайту бойынша тиісті шараларды қабылдап жатыр. Кейінгі бес жылдың ішінде бензин өндірісі 70%-ке, дизель отынының өндірісі 33%-ке өсті. Былтыр дизельдің өндіріс көлемі 5,2 миллион тонна болды. Бұл рекордтық деңгей, — деді премьер-министр.

Ол мұнай өңдеу зауыттары өз мүмкіндіктерінің ең жоғары шегінде жұмыс істеп тұрғанын айтып өтті. Дегенмен жанармай нарығында тапшылықтың қаупі азаяр емес.

Сол жанармайдың көрші елдерге шығарылуы және тапшылықтың негізгі себебі ол – Қазақстандағы жанармай бағасының төмендігі, — деді Әлихан Смайылов.

Мысалы дизель отынының бір литрі елімізде 230-260 теңге тұрса, Ресейде 45%-ке қымбат немесе литріне 345 теңге, Қырғызстанда 64%-ке жоғары немесе 390 теңге, Өзбекстанда екі есе жоғары немесе 480 теңге.

Осының нәтижесінде арзан қазақстандық отын әртүрлі жолдармен көрші елдерге әкетіліп жатыр, — дейді үкімет басшысы.

Биыл наурыз айында жанар-жағармай материалдарын тұтыну көлемі былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 15%-ке өскен. Егер республика баға айырмашылығын қысқартпаса, онда биыл 850 мың тонна жанармай тапшылығы пайда болады.

Біздің арзан отын өзіміздің ұлттық мүддемізге емес, көрші елдердің экономикасына жұмыс істеп отыр. Сондықтан жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін баға айырмашылығын төмендету керек. Бұл елден мұнай өнімдерінің жаппай шығарылуын азайтуға және ішкі нарықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бізде бұдан басқа жол жоқ, — деді премьер-министр.

Сонымен қатар ол ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арзандатылған дизель толығымен бөлінгенін, баға 204 теңге болып қала беретінін мәлімдеді.