Биыл елімізде әскери парад тағы да өтпейді

Биыл Жеңіс күніне орай әскери парад өтпейді. Бұл туралы Қазақстанның қорғаныс министрлігі хабарлады.

Бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында, сонымен қатар басқа да міндеттерді шешу қажеттілігіне байланысты 2023 жылы Қазақстанда әскери парад өткізу жоспарланып отырған жоқ. Атап айтқанда, Қазақстан қарулы күштері бөлімшелерінің жауынгерлік әзірлігі мен ұтқырлығының қажетті деңгейін қолдауға басымдық беріледі, — делінген хабарламада.

Әскери парад өтпесе де, ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге құрмет көрсету, майданда қаза болған батырлар мен олардың ерлігін еске алу секілді түрлі әскери-патриоттық шаралар жоспарланып отыр.

7 және 9 мамырға жоспарланған өзге де іс-шаралар туралы ақпарат жақын арада қорғаныс министрлігінің сайтында жарияланады.

Айта кетейік, Қазастанда әскери парад соңғы рет 2018 жылы өтті.