Республика бойынша «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» акциясы 22 сәуір күні өтіп, оның аясындағы шараларға батысқазақстандықтар да белсенді қатысты.
Атап айтқанда, осы күні барлық аудандарда және Орал қаласында ағаш көшеттері егілді. Көшет егу шаралары Орал-Подстепное тас жолы бойындағы 1, 2 саяжай аудандарында, Зашаған кентіндегі Мөңкеұлы көшесібойында, Деркөл кентіне қарасты “Үміт” шағынауданына кіреберіс жол бойында жүргізілді.
Өңір басшысы Н.Төреғалиев Абай даңғылы мен Бельгер көшесінің қиылысында өткен ағаш отырғызу акциясына қатысты. Нариман Төреғалиұлы қаланың тазалығын, экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында жасыл желек отырғызу жұмыстары әрі қарай да жалғаса беретіндігін айтты.
Осы күні облыстағы білім мекемелері аумағында датазалық жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, ата-аналар және кәсіпкерлердің демеушілігімен алынған көшеттер түптендірілді. Қылқан жапырақты ағаштар, қарағаш, сирень және алма, алмұрт жеміс ағаштары отырғызылды.
Сенбілік барысында Орал-Саратов тас жолы мен Деркөл өзенінің жағалауы қоқыстан тазартылды.
Айта кетейік, өткен аптада Жайық жағалауына 45 ағаш көшеті отырғызылған болатын. Ағаш отырғызуға Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкерлері, қалалық мәслихат депутаттары және М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенттері қатысты.
Алаңға отырғызылған ағаштарды күтіп-ұстау, суару жұмыстарымен «Жайық Таза Қала» мердігер мекемесі айналысады. Қала аумағында отырғызылған ағаштарды суару жұмыстары бойынша Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан арнайы кесте жасақталды. Аптасына екі рет белгіленген кестеге сай суару жұмыстары жүргізілетін болады.
Жалпы, облыста сәуір тұтас тазалық айлығы болып жарияланған. Облыста тазалық айлығы аясында ағаш отырғызу жұмыстары жалғасып жатыр. Орал қалалық тұрғын үй— коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Азамат Халеловтың айтуынша, биыл қалада жалпы жиынтығы 2500 түп ағаш отырғызу жоспарланған болса, қазірдің өзінде соның 2 мыңдайын егу аяқталды.