Қытай әуе компаниясы Қазақстанға ұшуды қайта бастайды

ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі азаматтық авиация комитеті ҚХР авиациялық билік орындарымен бірлесіп Қазақстан мен Қытай арасындағы тұрақты жолаушылар рейстерін қалпына келтіру мәселесін пысықтады.

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

2023 жылғы 21 сәуірден бастап Air China әуе компаниясы Бейжің–Сиань–Астана бағыты бойынша аптасына үш рет жиілікпен (дүйсенбі, сәрсенбі, жұма) тікелей жолаушылар рейсін орындауды жоспарлап отыр. Рейстер Airbus-A320 типті әуе кемелерімен жасалады.

Қазақстан тарапынан Air Astana әуекомпаниясы биылғы маусымнан бастап Астана–Бейжің бағыттары бойынша орындалатын рейстер санын екі рейске дейін, Алматы–Бейжің бағыттары бойынша жеті рейске дейін және Алматы-Чэнду бағыттары бойынша аптасына екі рейске дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Осылайша елдер арасындағы рейстер саны аптасына 13-тен 19 рейске дейін ұлғайтылады, оның ішінде қытайлық China Southern Airlines әуе компаниясы Астана–Үрімші бағыты бойынша аптасына екі рейс және Алматы–Үрімші бағыты бойынша үш рейс.

Қазақстан мен Қытай арасындағы жаңа бағыттардың ашылуы және әуе рейстер санының артуы елдер арасындағы туристік, мәдени, инвестициялық және іскерлік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді.