Астана мен Бейжің арасындағы тікелей әуе қатынасы қайта жанданады

25 наурыздан бастап Air Astana әуекомпаниясы Астана – Бейжің бағыты бойынша аптасына 3 рейс жиілігімен (дүйсенбі, сәрсенбі, сенбі) ұшуды қайта бастауды жоспарлап отыр.

Рейстер А-321 LR типті әуе кемелерінде орындалады.

Сонымен қатар 13 ақпаннан бастап Air Astana әуекомпаниясы Алматы және Бейжің арасындағы рейстерді 1 рейстен (дүйсенбі) аптасына 5 рейске дейін (дүйсенбі, сейсенбі, бейсенбі, жұма, жексенбі) біртіндеп ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Көктемгі-жазғы навигация кезеңде аптасына 5-тен 7 рейске дейін кезең-кезеңімен одан әрі ұлғайтады. Рейс А-321 типті әуе кемелерінде орындалады.

Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе рейстерінің ұлғаюы екі дос ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени-іскерлік ынтымақтастықты дамытуды жеделдетуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге ҚХР азаматтары үшін енгізілген 14 күндік визасыз режимді толыққанды пайдалануға ықпал етеді.