ҰҚК: Серік Күдебаев тау арқылы қашып кеткен болуы мүмкін

Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары — шекара қызметінің басшысы Ерлан Алдажұманов экс-полиция генералы Серік Күдебаевтың қашуына қатысты пікір айтты.

ҰҚК шекара қызметі Қырғызстанмен мемлекеттік шекараны кесіп өтуге болатын жерді іздеп жатыр. Ерлан Алдажұманов сенат кулуарында оған көмектескендер болуы мүмкін екенін айтты.

Түрлі болжам бар. Оның (Серік Күдебаев – авт.) тау жақта шаруа қожалығы бар. Жол көрсететін адамдары болған да шығар. Біз тау арқылы шекарадан өтіп кеткен деген нұсқаны қарастырып отырмыз, — деді шекара қызметінің директоры.

Ол бас прокуратура қылмыстық іс қозғағанын еске салды.

Қандай ақпарат болса да, мен енді қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес сіздерге бере алмаймын. Менің тобым жұмыс істеп жатыр, тергеу жүріп жатыр, тергеу бөлек, ішкі тергеуіміз бөлек. Қырғызстандық әріптестерімізден күтеміз – олар осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Қырғыз Республикасының бас прокуратурасы жауапты, олар бізге әзірге ақпарат бере алмайды, — деді Ерлан Алдажұманов.