Басты бетЖаңалықтарЕлордадағы кітап...

Елордадағы кітап көрмесі 40 елдің өкілдерін жинады

Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен EXPO халықаралық көрме орталығында өтіп жатқан Eurasian Book Fair-2023 Еуразиялық халықаралық кітап көрме — жәрмеңкесіне барды.

Дәстүрге айналған ауқымды іс-шара осымен алтыншы рет өткізіліп отыр. Жәрмеңкеге қатысу үшін елордаға 40-қа жуық елден баспа ісі және кітап бизнесінің өкілдері, жазушылар мен кітапсүйер оқырман жиналды.

Жәрмеңкені аралап, қонақтармен, жазушылар мен зиялы қауым өкілдерімен кездестім.

Аталған іс — шара еліміздің кітап ісі саласының кәсіпкерлеріне жаңа серіктестер табуға, авторлар үшін жаңа аудитория жинауға жақсы мүмкіндік. Оқырмандар үшін кітапсүйер қауыммен әдеби ұсыныстарымен бөлісіп, әртүрлі шеберлік сабақтарына қатысуға, жаңа кітаптармен танысып, қолтаңба сессиялары мен дәрістерге қатысудың таптырмас алаңы.
Мәдениет және спорт министрлігі түрлі жанрдағы кітаптар басып шығару, мемлекеттік кітапханалардың қорын толықтыру, жас жазушылар мен ақындардың конкурстарын өткізу, әдеби фестивальдар мен форумдар ұйымдастыру сынды осы бағытта аянбай еңбек етіп жатыр.
Мысалы, «Жаңа қазақ әдебиеті» жобасы аясында, тек 2022 жылы ғана ҚР МСМ қолдауымен 506 мың дана тиражбен 188 жаңа кітап жарық көрді. Ал, биыл тұңғыш рет қаламгерлерге ел Президентінің әдеби сыйлығы табысталатын болады.

Eurasian Book Fair 23 сәуір — Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне дейін жалғасады. Елорданың барлық тұрғындары мен қонақтарын осы маңызды оқиғамен құттықтаймын. Біз осындай іс-шараларды одан әрі қолдауды жоспарлап отырмыз. Оларды тек Астанада ғана емес, Қазақстанның басқа өңірлерінде де өткізетін боламыз.