Басты бетЖаңалықтарҚасым-Жомарт Тоқаев...

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл халқының табысын арттыру жолдарын атады

Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде мемлекет басшысы ауыл халқының табысын арттыру жолдарын атады.

Ауылды жерлерде табыс пен тұрмыс сапасын арттыру мәселелерін ерекше бақылауда ұстау қажет. Үкімет ауылды аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірледі. Әкімдер оны тиімді іске асыру үшін шаралар қабылдауға тиіс. Әрбір аудан, моноқала және қала деңгейінде қолайлы инвестициялық ахуал мен «өсім көздерін» құру үшін олардың бәсекелестік артықшылықтарын анықтап, салалық басымдықтарды таңдау қажет, — деді мемлекет басшысы.

Президент ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін жекелеген өңірлердің табысты тәжірибесін ескеру керектігін еске салды.

Ең шалғайдағы ауылдық округтерге микрокредит беру және жеке қосалқы шаруашылықтарға кепілдік беру, сервистік-өткізу кооперативтерін ынталандыру сияқты мемлекеттік қолдау құралдары туралы ақпаратты жеткізу маңызды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.