Eurasian Book Fair-2023: «Абайда» басылған 23 кітаптың тұсаукесері өтеді

2023 жылғы 19-23 сәуірі аралығында Астанада Eurasian Book Fair-2023 кітап көрмесі өтеді. Онда «Абай» баспасы 23 жаңа кітапты таныстырады.

Биыл жарық көрген кітаптар қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаған Абай хәкімнен басталып, әр кезеңнің классик қаламгерлерінің шығармаларымен жалғасын тапқан. Сонымен қатар академиялық зерттеу еңбектері де бар.

«Абай» баспасы 23 кітаптың ішіндегі 15 көркем әдебиетті әлемдік сұраныстағы кітап деңгейінде жасақтап шыққан. Олар заманауи үлгіде, минимализм дизайны бойынша көркемделген. Қазақ балаларының қолына тигенде сөз құдіретін сезініп оқи алуы үшін қолайлы.

Қазақстың бас ақыны, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаған, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, реформатор Абай Құнанбайұлынан қалған рухани мұрасы «Жүректің көзі ашылса…» деген атаумен, ал қазақтың ұлы ақыны, Алаш қозғалысының қайраткері, поэзиясы қазақ әдебиетіне ғана емес, түркі тектес халықтар әдебиетіне де үлкен ықпал еткен бес арыстың бірі Мағжан Жұмабаевтың өміршең, рухты өлеңдері «Тұран» деген атаумен басылды.

Қазақтың ақиығы, ғасыр ақыны Мұқағали Мақатаевтың жинағы «Отан», ұлы ақын Төлеген Айбергеновтың кез келген жырындағы сағынышы «Сағыныш»  деген атаумен шықты.

Қазақтың аса көрнекті ақыны, қазақ поэзиясына өзгеше леп әкелген Жарасқан Әбдіраш та осы жинақтардың салмағын арттырып тұр. ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов бастаған буын Исраил Сапарбай, Несіпбек Айтұлы, Күләш Ахметова, Сабыр Адай, Гүлнар Салықбай, Қалқаман Сарин деп жалғаса береді. Солардың ішінде бүгінгі күннің бестселлеріне айналған Ұларбек Нұрғалымұлының «Дайағашшы» кітабы мен Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» туындысы мүлде бөлек дизайнда, жаңаша форматта жарық көрген.

Қалған тоғыз жинақты да Алматы әкімдігі қолдауымен «Абай» баспасы шығарды. Олар:

1. Еркін Шүкіманның «Көзімнің қарасы» жинағы;

2. «Ұлттың ұлы ұстазы» ұжымдық жинағы;

3. «Әуезов әлемі» ұжымдық жинағы;

4. Берік Жүсіповтің «Эпикалық жыршылық» жинағы;

5. Құлтөлеу Мұқаштың «Әуестік әлемі» кітабы;

6. Салтанат Айбергенованың «Ақын жары» кітабы;

7. Заманбек Әбдешевтің «Қараш батыр» кітабы;

8. Қалмаханбет Мұқаметқалидың «Құт» кітабы;

9. Оспанхан Әубәкіровтың «Волшебник» жинағы.