Үкімет орта бизнесті қолдаудың кешенді бағдарламасын әзірлейді

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте орталық мемлекеттік органдардың және «Атамекен» ҰКП басшылығының қатысуымен орта кәсіпкерлікті дамытудың жаңа тәсілдері қаралды.

Бұл туралы Рrimeminister.kz хабарлады.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша республикада 2 910 орта кәсіпкерлік субъектісі бар екенін баяндады, олардың ЖІӨ-дегі үлесі – 6,3%. Бұл кәсіпорындарда шамамен 380 мың адам жұмыспен қамтылған.

VIII сайланған парламенттің бірінші сессиясының ашылуында мемлекет басшысы алдағы жылдары орта бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндетін қойды. Осыған байланысты ҚР ҰЭМ мемлекеттік сатып алу саласын қосқанда, орта кәсіпкерлікке қатысты реттеу рәсімдерін жеңілдету, салық төлеуге ынталандыру, инвестициялық белсенділікті арттыру, әкімшілік жүктемені азайту және орта кәсіпкерлікті қолдауды кеңейту жөнінде шаралар ұсынды.

Премьер-министр негізінен аталған тәсілдерді мақұлдап, жаңа бастамаларды әзірлеу процесіне бизнес-қоғамдастықты белсенді түрде тартудың маңызын айтып өтті.

Біз бұл ұсыныстар бойынша, бірінші кезекте бизнестің ұсыныстарын ескере отырып, жақсылап жұмыс істеуіміз керек. Оларды мұқият зерделеп, заңнамаға, сонымен қатар мемлекеттік органдардың салалық бағдарламаларына тиісті өзгерістер енгізу қажет, – деді Әлихан Смайылов.

Талқылауды қорытындылай келе, премьер-министр мемлекет басшысының тапсырмалары аясында орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне ерекше мән беретін уақыт келгенін айтып өтті.

Орта бизнесті нығайту үшін барлық бағыт, атап айтқанда, салық бойынша, әкімшілік және басқа да ынталандыру құралдарын қарастыруымыз керек. Бұл жұмыспен қамтылғандар қатарын арттыруға және кәсіпорындар қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан қорғауға, ашықтықты кеңейтуге және жалпы экономикамызды дамытуға және әртараптандыруға ықпал ететін болады, – деді Әлихан Смайылов.