Басты бетЖаңалықтарАстана маңындағы...

Астана маңындағы өрттің аумағы үш есе ұлғайды

Астана әуежайы маңында құрғақ шөп жанып жатыр. Өрт аумағы бірнеше сағаттың ішінде үш гектарға дейін жеткен.

Қалалық ТЖД баспасөз қызметінің ақпаратынша, бейсенбі сағат 12:28-де өрт сөндіру бөлімшелері халықаралық әуежай жаққа қарай аттанды.

Сағат 14:30-дағы жағдай бойынша, құрғақ шөп пен қамыс өртенген аумақ бір гектардан үш гектарға дейін өскен. Оқиға орнында жедел штаб құрылды.

Қазіргі таңда өртті Астана ТЖД жеке құрамының 40 адамы және бес техника, қала әкімдігінің төрт су шашатын машинасы сөндіріп жатыр. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі анықталады. Шөптің құрғақ болуына және жел соғуына байланысты өрттің жылдам таралуы сөндіру жұмыстарын қиындатып тұр, — делінген хабарламада.

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының мәліметінше, өрт әуе айлағының қызметіне әсер етпеген. Астана әуежайы штаттық режимде жұмыс істеп тұр.