Алматы тауларында қар көшкіні жүруі мүмкін

Алматы тауларында кейінгі күндері 10 мәрте қар көшкіні жүрді. Бұл туралы төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Синоптиктердің мәліметінше, 6-11 сәуір аралығында Шымбұлақ тауына 100 миллиметр, Үлкен Алматы көліне 106 миллиметр жауын-шашын жауды.

Тек кейінгі үш тәуліктің ішінде, яғни 11-13 сәуір арасында Алматы тауларында жалпы көлемі шамамен 183 мың текше метр өздігінен 10 қар көшкіні жүрді. Қар көшкінінің көп бөлігі адам өтпейтін жерлерге түсіп, таулардың баурайында тоқтады. ТЖД мен «Қазселденқорғау» алматылықтарға, туристерге және қала қонақтарына «Қазгидрометтің» жауын-шашын туралы болжамына байланысты тауға шығудан бас тартуға кеңес береді, — делінген хабарламада.