Елімізде ғылым апталығы аясында бірқатар іс-шара өтті

Елімізде ғылым апталығы аясында бірқатар іс-шара өтті. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

Шәкәрім университетінде ғылым апталығы басталды.

Апталық ғұлама философ Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды.

Шараға университет басшылығы, ғалымдар, профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлер, американдық университеттердің өкілдері, білім ордасының әлеуметтік серіктестері атап айтқанда, «Семей медициналық университеті» КеАҚ, ҚазҒЗИ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібінің Семей филиалы, Семей қаласының ядролық медицина және онкология орталығы, Plasma Science ғылыми-өндірістік фирмасы, «Эко-Сад» ЖШС, Абай облысының омарташылар қоғамы, қала мектептері мен колледждер қатысты. Апталықтың ашылуы американдық университеттердің делегациясының келуімен тұспа-тұс болды.

ҚазҰУ-да жас ғалымдар көрмесі өтті

Университетте ғылым апталығы аясында студенттік бизнес-инкубаторлардың инновациялық жобалар көрмесі өтті.

Көрмеде ҚазҰУ-дың филология факультетінің өнертапқыштары «Қазақ тіліндегі ең ауқымды тұңғыш онлайн омонимдер сөздігі» атты жобасын ұсынды. Жобаның мақсаты – қазақ тіліндегі омоним сөздердің қолданысын кеңейту және оқырмандар үшін қызмет көрсету әдісін жеңілдету. Авторлардың айтуынша, жоба сайт арқылы жүзеге асады. Кез келген адам сайтта қазақ тіліндегі бір сөзді жазу арқылы, оның қай сөз табына жататынын, мағынасын және мазмұнын біле алады. 

Тіл білімі институты ғалымдары Оксфорд университеті өкілдерімен кездесу өткізді

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтына Нархоз университетінің ректоры Мирас Дәуленов пен Оксфорд университеті Азия және Таяу Шығыс зерттеу факультетінің жетекшісі Лейла Наджафзада арнайы келіп, ғалымдармен кездесу өткізді.

Кездесу барысында екіжақты мәселелер сөз болды. Лейла Наджафзада өзі жетекшілік етіп отырған факультеттің қызметі туралы айтып, түркі тілінің бірі ретінде қазақ тіліне қызығушылық білдіріп отырғанын айтты. Қазақ тілін оқытуды қолға алуды да жоспарлап жүргенін жеткізді.

Ғылым мен бизнес интеграциясы бойынша форум өтті

Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Ғылым апталығы» EKTU RnD FORUM-2023 халықаралық форумымен басталды.

Университет пен индустрияның байланыс алаңы мақсатында өтіп жатқан іс-шара халықаралық сарапшыларды, бизнес, жергілікті атқарушы билік өкілдерінің басын қосты.

Форумда Қазақстандағы Германия елшісінің тұрақты орынбасары Холгар Колли, ҚНУ президенті Роммель Волрад, «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Әбділда Шаменов, «QazInnovations» инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттіг» АҚ басқарма төрағасы Санат Аханов, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ Александр Полчин және т.б. спикерлер сөз сөйледі.

Astana IT university-де әлемдегі жетекші университеттердің ғалымдары дәріс оқиды

Алғы сөз ҚР ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Камиль Ақатовқа берілді. Вице-министр кеңес мүшелері дәрістерінің маңыздылығы, олардың Қазақстандағы ғылыми қауымдастығына дүние жүзінің әр түкпірінен келген сарапшылармен білім алуы және өзара әрекеттесуі, сонымен қатар елдегі ғылым мен техниканың ілгерілеуіне ықпал ету мүмкіндіктері туралы айтып өтті.

Ғалымдар тәжірибелік физика, гендік инженерия және ДНҚ, нанотехнология және адам денсаулығы сияқты маңызды ғылыми білім саласындағы маңызды тақырыптар қозғалды.