Астанада президент әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша екі ауданның әкімдері тағайындалды.
Нұра ауданының әкімі қызметіне Жүсіп Жұмағұлов, ал Сарыарқа ауданының әкімі болып Бауыржан Ералы тағайындалды.
Жүсіп Жұмағұлов – президенттік жастар кадр резервінің мүшесі.
Ол еңбек жолын елорданың инвестициялар және даму басқармасының маманы лауазымынан бастаған.
2016 жылдан 2019 жылға дейін «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ басшысының орынбасары, елорданың қоғамдық даму істері басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.
2020 жылдан бастап елорда әкімі аппараты басшысының орынбасары болып еңбек етті.
2022 жылғы ақпаннан бастап Сарыарқа ауданының әкімі қызметін атқарды.
Бауыржан Ералы еңбек жолын ҚР қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің инспекторы лауазымынан бастаған.
Әр жылдары сарапшы, «Ахуалдық орталық» басқармасының бас сарапшысы, «Электрондық декларациялау орталығы» басқармасы басшысының орынбасары м.а. лауазымдарын атқарды.
2022 жылы «ҚР қаржы министрлігі МКК бас диспетчерлік басқармасы» РММ басшысының орынбасары болып еңбек етті. Тағайындалғанға дейін елорда әкімінің кеңесшісі қызметін атқарды.
Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында аудан әкімдеріне аудандар мен елдімекендерді дамыту бойынша бірқатар міндеттер қойылды.