Басты бетЖаңалықтарБатыс Қазақстан...

Батыс Қазақстан облысының бюджеті 28 миллиард теңгеге нақтыланды

4 cәуір күні Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, онда өңір бюджетін нақтылауға қатысты мәселе талқыға түсті.

Жиналғандар алдында облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиев баяндама жасады.

Ол 2023 жылға арналған облыстық бюджеттің түсімдерін 28 миллиад 544 миллион 281 мың теңгеге ұлғайтуға нақтылауды ұсынды. Соның ішінде, білім саласында 1-4 класс оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз етуді ұйымдастыруға, 63 ауылдық мектептерді модернизациялауға (пәндік кабинеттер мен жиһаздарды сатып алуға), білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге (турникет, бейнекамера, бейнекамераларды орталық жедел басқару жүйесіне қосу), 11 білім беру нысанының күрделі жөндеуін аяқтауға (Ақжайық, Теректі, Жаңақала, Бөкей ордасы, Казталов, Тасқала, Бәйтерек аудандары мен Орал қаласы), Қаратөбе ауданы Шалғын ауылында 60 орындық мектептің құрылысын аяқтауға, Жәнібек ауданында 2 шағын жинақты мектеп құрылысына ЖСҚ жасақтауға және 18 мектепке инженерлік желі өткізу үшін ЖСҚ жасақтауға қаржы бөлінді.

Денсаулық сақтау саласында санитарлық автокөліктерді сатып алуға, медициналық құрылғыларды сатып алуға, 17 денсаулық сақтау нысанының құрылысына ЖСҚ жасақтауға (Ақжайық, Бөрлі, Шыңғырлау, Жаңақала, Қаратөбе, Казталов аудандары мен Орал қаласы) қаржы қаралды.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында Теректі ауданында үш көппәтерлі тұрғын үй құрылысын аяқтауға және Ақжайық пен Шыңғырлау аудандарында екі көппәтерлі тұрғын үй құрылысын жалғастыруға, Орал қаласында көшелік модульдік қоғамдық дәретхана орнатуға, Теректі және Бөрлі аудандары мен Орал қаласында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды, тұрғын үйлерді абаттандыруды аяқтауға, Бәйтерек ауданының ауылдарында үш су құбырының құрылысын аяқтауға, Казталов ауданындағы Сатыбалды ауылын сумен жабдықтауға арналған кешенді-блок модуль қондырғысын орнатуға, Ақжайық және Сырым аудандарының ауылдарындағы 2 газ құбырының құрылысына, Теректі ауданы ауылдарында екі әлеуметтік нысанға газ қазандығын салуға, Ақжайық ауданы Қарауылтөбе ауылы көшелерінің жаяу жүргіншілер жолын абаттандыруға, Бөрлі ауданының Кеңтүбек және Успен ауылдарында электр желілерін қайта жаңғыртуға, Жәнібек ауданы Талов, Борсы, Қамысты ауылдарын газбен қамту желілерінің құрылысына ЖСҚ жасақтауға ақша беріледі.