Мәжіліс депутаттарының негізгі жұмысы — сапалы және нақты жұмыс істейтін заң қабылдау. Бұл туралы мәжілістің жалпы отырысында палата төрағасы Ерлан Қошанов айтты.
Мемлекет басшысының реформаларының нәтижесінде елдегі негізгі саяси институттардың барлығы жаңғырды. Өткен мәжілісті сайлау сол жаңарудың соңғы сатысы болды. Оған дәлел мәжілісте алғаш рет алты саяси партия және бірмандатты округтен сайланған депутаттар отыр. Біздің бағдарламаларымыз бен көзқарасымыз әртүрлі болғанымен елдің мүддесі, мемлекеттің мүддесі мәселелеріне келгенде бәріміздің ойымыз да, міндетіміз де ортақ. Сондықтан алдымыздағы мақсат-міндеттерді тізе қосып, бірге асыруымыз керек деп есептеймін. Күн сайын жұмысымыздың қарқыны да, салмағы да арта түседі, — деді Ерлан Қошанов.
Сонымен қатар ол заң шығару мәселесіне де тоқталды.
Біздің негізгі жұмысымыз — сапалы және нақты жұмыс істейтін заңдарды қабылдау. Президент осы шақырылымның бірінші сессиясында жаңа парламенттің алдында тұрған міндеттердің ауқымдылығына тоқталған еді. Оның ішінде мемлекет басшысы еліміздің қарқынды дамуы үшін алдағы бес жылда сапалы заңнамалық негіз жасауды тапсырды. Бұл үшін барлық алғышарт жасалған. Мәжіліске заң қабылдау өкілеттілігі бүгінде толық берілді. Енді жүк те жауапкершілік те бізге түседі деген сөз. Сондықтан депутаттар үйлесімді, тиімді және жүйелі жұмыс істеуі керек, — деді ол.