Мемлекет басшысының жарлығымен Роман Скляр ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды.
Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Айта кетейік, бүгін парламент мәжілісінің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің отырысында премьер-министрдің бірінші орынбасары лауазымына Роман Склярдің кандидатурасы келісілді.
Өзінің лауазымдық міндеттері аясында келесі мәселелерге жауапты:
— экономиканы және өңірлік экономиканы жедел басқару;
— көлік инфрақұрылымы және логистика;
— құрылыс және ТКШ жаңғырту;
— электр энергетикасы, атом энергетикасы, ЖЭК, көмір және атом өнеркәсібі;
— өнеркәсіп, инновация, геология, жер қойнауын пайдалану және экспорттық бақылау;
— қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды пайдалану;
— су ресурстары, орман шаруашылығы және жануарлар әлемі;
— төтенше жағдайлар және мобилизациялық жұмыстар;
— жылыту маусымдарына дайындық және оны өткізу;
— арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту;
— мұнай-газ секторы және мұнай-химия;
— байланыс, ғарыш қызметі және «Байқоңыр» кешені;
— қорғаныс өнеркәсібі.
Роман Скляр 1971 жылғы 8 мамырда Павлодар қаласында дүниеге келген.
Павлодар мемлекеттік университетін «Инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша, сондай-ақ Мәскеу қазіргі заман бизнес институтын «Экономист» мамандығы бойынша және Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын «Заңгер» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1989 жылы «Экибастузуглеавтоматика» монтаждау-жөндеу басқармасында слесарь-монтажшы қызметінен бастаған.
1989–1990 жылдары «Казпромтехмонтаж» шаруашылық-монтаждау басқармасының монтаждаушысы болды.
1990 жылдан бастап «Вахинвест» бірлескен кеңес-батыс-герман кәсіпорнының қауіпсіздік жөніндегі инженері болды.
1990–1999 жылдары «Ансат-Павлодар» ЖШС коммерциялық бөлімінің бастығы, директордың орынбасары, бас директор қызметтерін атқарды.
1999–2002 жылдары «Тыныс» ЖШС директоры;
2002–2003 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің дәрменсіз қарызгерлермен жұмыс комитеті Павлодар облысы бойынша басқармасының бөлім бастығы;
2003–2005 жылдары Павлодар қаласы мемлекеттік сатып алу басқармасының бастығы;
2005 жылғы қантардан Павлодар облысы әкімінің бас инспекторы;
2005 жылғы сәуірден Павлодар облысының әкімі аппаратының басшысы;
2006 жылдан бастап Павлодар қаласы әкімінің орынбасары;
2006–2007 жылдары Астана қаласының әкімі аппаратының инфрақұрылымды дамыту бөлімінің меңгерушісі;
2007–2008 жылдары Астана қаласының энергетика және коммуналдық шаруашылық департаментінің директоры;
2008–2010 жылдары Павлодар облысы әкімінің орынбасары;
2010–2011 жылдары Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары;
2011–2013 жылдары Қазақстан Республикасының көлік және коммуникация вице-министрі;
2014–2016 жылдары «Қазақстан темір жолы» АҚ вице-президенті;
2016 жылы Қазақстан Республикасы мәжілісінің депутаты, ҚР парламенті мәжілісінің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы;
2016 жылғы мамырдан Қазақстан Республикасының ұлттық экономика вице-министрі;
2016–2019 жылдары — инвестициялар және даму бірінші вице-министрі;
2019 жылдың ақпанынан Қазақстан Республикасының индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі;
2019 жылғы 18 қыркүйектен ҚР президентінің жарлығымен ҚР премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалды. 2021 жылы 18 қаңтарда ҚР президентінің жарлығымен осы қызметіне қайта тағайындалды.
2022 жылғы 11 қаңтарда ҚР президентінің жарлығымен Қазақстан Республикасы премьер-министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.
2023 жылғы 3 сәуірден премьер-министрдің бірінші орынбасары болып қайта тағайындалды.