Басты бетЖаңалықтарСиноптиктер сәуір...

Синоптиктер сәуір айына арналған ауа райы болжамын жариялады

«Қазгирдомет» РМК сәуір айына арналған ауа райы болжамын жариялады. Синоптиктер сәуірде күн ұзарып, мамыражай күндер көбейетінін айтты.

Қазақстанның солтүстігінде сәуір айының бірінші онкүндігінде орташа тәуліктік ауа температурасының 0°, ал еліміздің оңтүстігінде +10°С тұрақты оң мәндерге ауысуы байқалады. Сәуір айында еліміздің басым бөлігінде қар ериді. Бір ай ішінде республика аумағында барикалық түзілімдердің ауысуына байланысты жылы, ашық күндер де, салқын, бұлтты күндер де болады, — делінген «Қазгирдомет» РМК хабарламасында.

Каспийдің оңтүстігінен және Ресейдің Еуропалық аумағынан жеткен циклондарға байланысты кей күндері жаңбыр, екпінді жел болып, республиканың оңтүстігінде найзағай, шаңды дауыл сипатында тұрақсыз ауа райы болуы мүмкін.

Сәуірдің бірінші онкүндігінің басында еліміздің батысында және оңтүстік жартысында (оңтүстіктің таулы аймақтарында жаңбыр ылғалды қарға ауысуы мүмкін), онкүндіктің ортасында Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр жауады. Оңтүстік аймақтарда түнде 1-6°С-қа дейін үсік жүреді, — делінген хабарламада.

Сәуірдің екінші және үшінші онкүндіктерінде Иран мен Орта Азия аудандарынан жылы ауа массаларының енуімен температуралық фон жоғарылауы мүмкін:

— еліміздің солтүстігінде, орталығында және шығысында түнде +5+13°С, күндіз +15+25°С-қа дейін;

— оңтүстік өңірлерде және ҚР батысында түнде +10+17°С, күндіз +25 +35°С-қа дейін.

Синоптиктер кейінірек қайта суық түсуі мүмкін деп болжап отыр. Республиканың солтүстік, орталық және шығыс аймақтарында Ресей аумағынан суық ауа массаларының енуі кезінде термометр бағандары түнде -2-7°С-қа дейін, күндіз +6+13°С-қа дейін, оңтүстік өңірлерде және еліміздің батысында ауа температурасының түнде -2+7°С-қа дейін, күндіз +10+18°С-қа дейін төмендеуі мүмкін.