Қазақстанда шетелдік мамандар жергілікті жұмысшылардан 10 есе көп жалақы алып келген. Бұл туралы Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы, бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов айтты.
Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс беруші жұмысшыларға бірдей еңбегі үшін тең ақы төлеуі керек. Сонымен бірге оларға өндірісте теңдей жағдай жасалуға тиіс және кемсітпеуі керек.
Төлеген Оспанқұловтың айтуынша, жыл сайын өндіріс орындарына тексеру жүргізілгенімен, мұндай фактілер азаймай тұр.
2022 жылы облыстық прокуратуралар мен еңбек инспекторлары шетелден келген жұмысшыларды тартып отырған 64 кәсіпорынды тексерген. Тексеру барысында еңбекақы төлеудегі айырмашылық бойынша 179 жағдай анықталған.
Қазақстандық және шетелдік қызметкер арасындағы жалақы бойынша диспропорция бар. Алматы облысындағы CITIC Constuction жеке шаруашылық серіктестігіне Қытайдан келген инженердің жалақысы сол лауазымдағы жергілікті маманнан 2,5 есе көп болған. Атырау облысы «Фиркрофт Инжиниринг Сервисез Лимитед» ЖШС-де тура сондай жағдай бойынша мамандардың жалақысының айырмашылығы 10 есе көп болып шықты, — деді Төлеген Оспанқұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Бұған қоса, 399 шетелдік жұмысшы өзіне берілген рұқсат немесе жасалған еңбек шартындағы мамандық бойынша жұмыс істемей келген.
Ведомство басшысы өндіріс орындарында қызметкердің құқығы бұзылса, қайда жүгінуге болатынын айтты.
2021 жылдан бастап Enbek.kz деген сайт жұмыс істеп тұр. Бұл сайтқа жұмыс беруші де, жұмысшы да кіріп, сұрағын қойып, жауап ала алады. Еңбек құқығы бұзылған әр адам жергілікті мемлекеттік еңбек инспекциясына арыздана алады. Олар өтінішке құлақ аспаса, тікелей министрлікке жүгінуіне болады. Біз шара қолданамыз, — деді ол.