Алматыда жаңа электр станциясы іске қосылады

Алматыда биыл «Нұршашқан» және «Қайрат» шағынаудандарын тұрақты электрмен қамтамасыз ету үшін қосалқы электр станциясы іске қосылады.

Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде айтты.

«Нұршашқан» және «Қайрат» шағынаудандарын тұрақты электрмен қамтамасыз ету үшін биыл «Тұздыбастау» электр қосалқы станциясы пайдалануға беріледі. Ол 2 500-ден астам абонентті қамтиды. Қазіргі таңда подстанцияның өзі салынған, жекеменшік аумақтар көмегімен кабель желісін жүргізу үшін инженерлік дәлізді келісу мәселесі ғана қалды, — деді Ерболат Досаев.

Қала әкімі биылғы жылдың желтоқсан айында «Әлмерек», «Нұршашқан» және «Шуақты» шағынаудандарында электр беру желілерін жаңғырту жұмыстары аяқталатынын жеткізді.