Алматыда үш қабатты дәмхананың шатыры өртенді

Алматыда үш қабатты дәмханадан өрт шықты. Бұл туралы төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Бостандық ауданы Розыбакиев көшесі 274 мекенжайындағы кафеден өрт шыққаны туралы хабарлама бүгін сағат 8:00-де түсті.

Өрт сөндірушілер мекенжайға 5 минутта жетті. Белгілі болғанындай үш қабатты дәмхананың шатыры отқа оранған. Жақын маңдағы ғимараттарды қызыл жалынан қорғау үшін өрт оқпандары енгізілді. Дереу автоцистерналар гидранттарға орнатылды, магистральдық желілер тартылып, үздіксіз сумен қамтамасыз етілді. Өрт сөндіру сатысы да қолданылды, — делінген хабарламада.

Өрт 30 шаршы метрді шарпыған. Өртті сөндіруге 15 техника мен 41 өрт сөндіруші жұмылдырылды. Төтенше оқиғадан зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ.