Астанада VIII сайланған Қазақстан Республикасы парламентінің бірінші сессиясы ашылды. Жиынға Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып жатыр.
Парламент палаталарының бірлескен отырысы республикалық телеарналарда және әлеуметтік желілерде тікелей эфирден көрсетіліп жатыр. Жиынға жаңадан сайланған депутаттар, мемлекеттік органдардың басшылары, ұлттық құрылтай мүшелері, қоғам қайраткерлері қатысып жатыр.
Сонымен бірге сессияның ашылуы барысында мемлекет басшысы сөз сөйлейді.
Еліміздегі басты саяси науқан – мәжілісті сайлау мәресіне жетті. Бұған дейін жеті рет шақырылған парламент мәжілісі тарихында алғаш рет алты партия өкілі заң шығарушы органның 69 мандатына ие болды. Ұзақ жылдық үзілістен кейін бір мандаттық округтер бойынша 29 депутат жеке-дара сайлауға түсіп, іріктеліп шықты.
Еске салайық, 19 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев жетінші сайланған ҚР парламентінің мәжілісін тарату және 19 наурыз күні парламент мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы жарлыққа қол қойған еді.