Басты бетЖаңалықтарҚазақстанда халық...

Қазақстанда халық кезек күтпеуге мүмкіндік беретін сервистер енгізіледі

Елімізде азаматтар мен бизнес үшін бірқатар жаңа цифрлық сервисті іске қосу және «Электрондық үкіметтің» архитектурасын жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді.

Министр мемлекеттік органдар биыл іске асырамыз деп жоспарлап отырған 66 цифрлық бастамасы бар екенін айтты.

Олардың ішінде мүгедектікті белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптаманы цифрландыру, мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау үшін бірыңғай цифрлық кезекті іске қосу, ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алу бойынша Vet Mobile қолданбасын енгізу, әскерден босату немесе оны уақытша кейінге қалдыру рәсімін автоматтандыру, нотариалдық қызметтерді электрон форматқа көшіру қызметтері бар.

Сонымен қатар тұрғын үй алуға цифрлық кезек енгізу, онлайн режимде еңбек шарттарын жасасу және мобайл қолданба арқылы жеке тұлғалар кедендік декларациялаудан өту мүмкіндігі, азаматтарды медициналық профилактикалық қызметтерді алу қажеттігі немесе өз өңірінде жұмысқа орналасу мүмкіндігі туралы хабардар ету (push-хабарлама), жанар құю станциясында мұнай өнімдерінің бар-жоғын тексеру бойынша сервисті және тағы басқасын іске қосу жоспарланып отыр.

Отырыста жер қатынастарын цифрландыру барысы қаралды. Осы жұмыс аясында Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрын кезең-кезеңмен іске қосу жоспарланып отыр. Оның негізінде жер ресурстарының жария кадастрлық картасы және электрон сауда алаңы іске асырылады.