Шымкентте жаңа ипподром ашылды

Бүгін Шымкентте Наурыз қарсаңында жаңа ипподром ашылды. Салтанатты шара еліміздің әр өңірінің салт-дәстүрін насихаттайтын Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің керуенін күтіп алудан басталды.

Бұл туралы ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметі хабарлады.

Одан соң аталған ипподром құрылысын жүргізген BI GROUP компаниясының президенті Айдын Рахымбаев Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке Ипподром символы саналатын тағаны табыстады.

Фото: Ұлттық спорт қауымдастығы

Сонымен қатар шараның ашылу рәсіміне ҚР ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов та арнайы келіп қатысты.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов барша қонақтарды Наурыз мерекесімен құттықтады.

Бүгін қаламыз үшін ерекше қуанышты күн. Ұлыстың ұлы күніне орай ашылғалы тұрған керемет ипподром шымкенттіктер үшін елеулі жаңалық екені белгілі. Осынау ипподромның құрылысын жүргізген BI GROUP компаниясына, сонымен қатар бүгінгі шараға арнайы келіп, ат салысып, ұлттық спортымызды дәріптеп, дамытуына үлес қосып жүрген ҚР ұлттық спорт қауымдастығына алғысымды айтамын, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

садақ ату
Фото: Ұлттық спорт қауымдастығы

Мереке күні еліміздің дәстүрлі және эстрада жұлдыздары Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтарына арнап өнер көрсетті. Ұлыстың ұлы күнін тойлау және жаңа ипподромның ашылуы аясындағы шара «GREAT QAZAQ GAMES» республикалық этнофестивалімен жалғасты.

садақ ату
Фото: Ұлттық спорт қауымдастығы

Фестиваль аясында мына категориялар бойынша жарыстар басталды:

  • Ұлттық тағамдар: ет асу, сірне, қуырдақ, бауырсақ, жент, қымыз, шұбат;
  • Ұлттық ойындар: көкпар, аламан бәйге, топ бәйге, құнан бәйге, теңге ілу, аударыспақ, қазақ күресі, садақ ату, жамбы ату;
  • Ұлттық киім: ерлер киімі, шапан, камзол, үйлену киімі, сәукеле, тақия;
  • Ұлттық өнер: айтыс, жыр-терме, дәстүрлі ән, күй қобыз, күй домбыра, жетіген, би.
күрес
Фото: Ұлттық спорт қауымдастығы

Ұлттық спорттық жарыстарға Қырғызстан, Өзбекстан, Монғолия, Ресей, Қытай, Тәжікстан, Иордания, Сауд Арабиясы, Польша, Түркия елдерінен спортшылар қатысып жатыр.

Іс-шараның жүлде қоры — 75 миллион теңге.

Айта кетейік, сайыстардың ақтық ойындары 22 наурызда өтеді.