Мақсат Жақау: Сайлауда көптен бері болмаған жеті саяси партияның қатысуын бақыладық

Президент сайлауы қарсаңында қоғамдық бастама негізінде ел азаматтары құрған Baqyla қоғамдық қозғалысы елімізде 2023 жылғы 19 наурызда өткен парламент мәжілісін және маслихат депутаттарын сайлауда елішілік тұрақтылық пен сайлау процедураларының қатаң сақталуын қамтамасыз ету үшін сайлау учаскелерін қамтитын өңірлік штабтарда бақылаушылық жасады.

Бұл туралы Baqyla қоғамдық қозғалысының баспасөз қызметі хабарлады.

Аумақтық бақылаушылар желісі жұмысы Алматыдағы орталық штаб пен еліміздің 17 қаласында орналасқан өңірлік штабтар бойынша жүргізілді.

Қоғамдық қозғалыс 2022 жылғы кезектен тыс президент сайлауында 27 қалада дауыс беру барысын қадағалау жұмысын сәтті атқарды. Ал биылғы ҚР парламент мәжілісін және маслихат депутаттарын сайлауында Baqyla қоғамдық қозғалысы сайлау процесін бақылауға араласып, республика бойынша 25 қала мен елдімекенді қамти алды. Сонымен қатар 5 мыңнан астам бақылаушыны оқытты. Сайлау күні елдегі барлық сайлау учаскесінің 3 мыңын, яғни 30%-ін қамти алдық деп айта аламыз, — делінген хабарламада.

Осыған байланысты 2023 жылғы 20 наурызда Алматыда Baqyla ҚҚ бастамашылары арнайы баспасөз жиынын өткізді.

Сайлау күні 300-ден астам заң бұзушылық тіркелді. Таңғы 06:00-ден басталған сайлау процесі бақылаушыларға орын бермеу, дауыс беру кабинкаларына екі-үш адамнан кіру, дауыс санау барысына қатыстырмау және хаттама бермеуге тырысу сияқты заңсыздықтар болатын. Бақылаушыларға орын бермей, 100-ге жуық бақылаушы сайлауды тұрып бақылауға мәжбүр болды. Заң бұзу фактілері жайлы ақпараттар әлі де жинақталып жатыр. Бір мандатты жүйемен түскендерге қатысты ақпараттар келуде. Елдегі ақпараттық дүмпу жағынан ең тартысты өткен, ал дауыс берушілер жағынан антирекордтың бірі орнаған сайлауда тәуелсіз бақылаушылар өз міндеттерін тиісті дәрежеде атқарды, — деді саясаттанушы Асхат Қасенғали.

2023 жылғы парламент мәжілісіне және маслихатына болған сайлау, барлық үміт артқан бастамаларымен, биліктің былтырғы жолдауда айтылған уәделердің іс жүзінде орындала бастауымен байланысты. Сайлауға дауыс берушілерден гөрі кандидаттар мен бақылаушылар белсенді әрі көп қатысты. Бұл сайлауда көптен бері болмаған жеті саяси партияның қатысуын бақыладық. Бұл сәйкесінше, президент Қасым-Жомарт Кемелұлының парламентте пікірлер алуандығын жасақтайтын көппартиялық жүйе мен жеке мандатпен келетін депутаттардың көптеп болуына жағдай туғызу қажеттілігі еді. Аталған саяси өзгерістердің бастамасы жүзеге асырылып жатыр, бұған кешегі сайлаулар куә. Жалпы сайлауға көзі төртеу болып елімізде 90-100 мыңға жуық ерікті тәуелсіз бақылаушылар сайлаудың заңның аясында таза әрі әділ өтуіне атсалысты. Бұл демократияның жаңа қарлығаштары, әділдік пен адалдықтың қорғаушылары хәм қолдаушылары деп қабылдауымыз керек. Осылайша сайлаудан-сайлауға қадам басқан сайын саяси мәдениеттілік пен демократиялық ілгерілеу болады. Бұл заңдылық, — деді саясаттанушы Мақсат Жақау.