Қазақстанның 15 өңірінде мәжілісті және жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлау аяқталды.
Қазіргі уақытта еліміздің бес өңірінде, атап айтқанда, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында дауыс беру жалғасып жатыр. Бұл өңірлерде сайлау учаскелері елорда уақытымен сағат 21:00-де жабылады.
Айта кетерлігі, Қазақстанның 62 шет мемлекеттегі өкілдіктері жанынан 77 сайлау учаскесі ашылды. Оларда 12 016 адам дауыс беруге тиіс. Астана уақытымен сағат 18:00-де шетелдердегі 11 сайлау учаскесі жұмысын аяқтады және қазір жұмыс істеп жатқан учаскелерді қосқанда шамамен 5 мың Қазақстан азаматы дауыс берді. 66 учаске жұмысын жалғастырып жатыр. Жалпы шетелдегі дауыс беру 20 наурыз күні таңертеңгі сағат 09:00-де Сан-Францискодағы сайлау учаскесінде аяқталады.
Орталық сайлау комиссиясы азаматтардың учаскелерге келуі туралы сағат 22:10-да ақпарат ұсынады.