Басты бетЖаңалықтарБҚО-да дауыс...

БҚО-да дауыс беруге келгендерді ұлттық киім киіп, ән шырқап қарсы алды 

Оралдағы №473 және №415 учаскелер сайлаушыларын ұлттық киіммен күтіп алды.

Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Елдің келешек дамуында зор рөл атқаратын маңызды саяси науқан Наурыз мерекесіне тұспа тұс келіп тұр. Сол себепті бұл күні біз отансүйгіштіктің жарқын көрінісі ретінде ұлттық киімдерімізді киіп, өзгелерге насихаттаған дұрыс деп шештік. Сонымен қатар, таңмен дауыс беруге бауырсақ пен сусын ұсынылды, — дейді №415 сайлау учаскесінің төрайымы Р.Зайнуллина.

Сонымен қатар бұл күні Оралдағы №407 сайлау учаскесінде Ләззат Көпешова басқаратын «Жұлдыз шоу» өнер ұжымы ән шырқап, би билеп, дауыс беруге келгендердің көңілін көтерді.

Олардың бастамасын №483 сайлау учаскесінде Alash этно-фольклорлық ансамблі іліп әкетті. Ансамбль 2019 жылы құрылған. Оның құрамында шаңқобыз, үскірік, адырна, нар қобыз, мүйіз сырнай, жетіген, сыбызғы секілді көне аспаптарды меңгерген өнерпаздар бар.

Ансамбль құрамында 11 адам бармыз. Әрқайсымыз қаланың әр қиырында тұрамыз, әр учаскеде дауысымызды береміз. Соған қарамастан сахналық киімдерімізді киіп, аспаптарымызды асынып, бүгінгі саяси мерекенің мазмұнын арттырайық деп шештік. Себебі, әр адамның дауысы маңызды. Биылғы сайлау Президентіміздің саяси реформаларының нәтижесі. Конституцияға енгізілген өзгерістер елдің саяси дамуына тың серпін алып келері сөзсіз, — дейді ансамбль жетекшісі Т.Меңдіғалиев