Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджет қаражатын уақтылы игермеген министрліктер мен өңірлерді айтты.
Мемлекеттік бюджеттің шығыны — 95,8%-ке, республикалық бюджеттің шығыны – 96,5%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыны — 96,6%-ке атқарылды. Республикалық бюджет бойынша 3,4 триллион теңге сомасына шығын жүргізілді. 123 миллиард теңге жұмсалмады, оның ішінде 22 миллиард теңге үнемделсе, 101 миллиард теңге игерілмей қалған, — деді министр үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, ең көп игерілмеген сома ішкi iстер, қаржы, ғылым және жоғары білім, ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінде байқалған.
Қаржы игерілмеуінің негізгі себептері: төлем нақты көрсетілген қызмет көлемі бойынша жүргізілген; конкурстық рәсімдерді ұзақ мерзімде өткізу; шарттарды, қосымша келісімдерді ұзақ жасасу; бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) іске асыру жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді уақтылы қабылдамау; шот-фактуралар, атқарылған жұмыс актілерінің уақтылы өткізілмеуі; есепті айда қаражатты жұмсау қажеттілігінің болмауы, — деді Ерұлан Жамаубаев.
Жергілікті бюджеттердің шығыстары 1,3 триллион теңге болған. Оның ішінде 45 миллиард теңге жұмсалмаған.
Биыл өңірлерге 1,2 триллион теңге нысаналы трансферт көзделген. Оларға 1 наурызға дейін 56 миллиард теңге бөлінген. Оның 80,1%-і игерілген, 11 миллиард теңге игерілмеді. Астана мен Алматы қалаларында, Павлодар мен Абай облыстарында қаржы ең көп игерілмеген. Оның негізгі себептері — қадағалау органдарының нұсқамалары, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, орындалған жұмыстар актілерін уақтылы ұсынбау, — деді қаржы министрі.