Қазақстанда гендерлік саясатты іске асыру бойынша көптеген жағымды және жақсы өзгеріс бар. Еліміз әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі іс-қимылдарға (Бейжің тұғырнамасы), әйелдерге қатысты жасалатын қылмысты болдырмау, әйелдерді алалауға жол бермеу, әйелдердің саяси құқығын қорғау проблемаларына қатысты көптеген халықаралық актіні ратификациялады. Саяси партиялар гендер теңдігі мәселесін қалай көтеріп, нендей ұсыныс жасағанын білейік.
Қазақстан 2015 жылғы қыркүйек айында Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму саласындағы мақсаттарды іске асыру міндеттемелерін өзіне қабылдаған болатын. Оның ішіндегі 17 мақсаттың 12-сі гендер аспектісіне сезімтал келеді. Ол жерде «Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және барлық әйелдің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» негізгі мақсаттардың бірі ретінде көрсетілген. Бұл мақсат адамдардың жыныс белгісі бойынша алалау, құқық бұзушылықтың барлық түрін жоюға бағытталып, әйелдердің және қыздардың мүмкіндігінің, қажеттігі мен қарым-қатынастарды тең етуге бағытталған.
Елімізде, қоғамда гендерді тең етуді мақсат ететін президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия бар.
Мемлекеттік қызметте қанша әйел істейді?
2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, еліміздегі мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55,7% болды. Елімізде мемлекеттік қызметкерлер саны — 82,7 мың, оның 46 мыңнан астамы — әйелдер. Басшы лауазымында шамамен 9 мың әйел қызмет атқарып жатыр, бұл жалпы санның 39,3%-іне тең.
2021 жылдың нәтижесі бойынша, министрлердің жалпы саны 8 болса, оның ішінде тек екеуі — әйелдер. Ал елдегі саяси мемлекеттік қызметкерлер арасындағы әйелдер үлесі 67 болды. Орталық органдарындағы саяси мемлекеттік қызметкерлер арасында әйелдердің саны 53 болып тұр.
Парламенттегі (сенат, мәжіліс) әйелдердің үлесі 2016 жылы 27,6% болса, бұл көрсеткіш 2021 жылы 27,4%-ға түскен.
Жергілікті биліктің сайлау органдарындағы (маслихаттар) әйелдердің үлесіне тоқталатын болсақ, әйелдердің 2019 жылғы үлесі тек 697 болса, бұл көрсеткіш 2022 жылы 972-ні көрсеткен.
Қазақстан 2023 жылды саяси өзгерістермен басталды. Еліміздегі саяси партиялардың сайлауалды бағдарламасында гендер мәселесіне мән берілгенін айта кеткен жөн.
Депутаттар мен партиялар әйелдер мүддесі мен гендер теңдігі мәселесін қалай көтеріп жатыр?
19 наурыз күні болатын сайлауға аз уақыт қалды. Қазіргі сайлаудың басты ерекшелігі сол, Халықаралық әйелдер күні және Наурыз мейрамы қарсаңында өтіп жатыр. Мажоритарлық жүйенің сайлау үдерісіне қайта оралуының арқасында бір мандатты округтер бойынша парламент мәжілісі (парламенттің төменгі палатасы) және барлық деңгейдегі мәслихаттар (жергілікті кеңестер) депутаттығына үміткер әйелдер саны қуантады. Саяси партиялар да одан қалыспай, партиялық тізімге көптеген әйелді енгізді. Сайлау науқаны басталысымен мәжіліс сайлауына партиялық тізімде 80, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихатына 434 әйел қатысты.
Қазіргі кезде елімізде 10,1 млн-нан астам әйел бар. Олар — электораттың маңызды бөлігі. Сондықтан осы сайлауға қатысып жатқан үміткерлер міндетті түрде әйелдер қауымы мен гендерлік мәселеге қатысты ұсынысын білдіріп, қалың жұрттың даусын иемденуге тырысуы керек. Ал мұны анықтау үшін қазақстандық партиялардың бағдарламасындағы гендер теңдігі мен әйелдер мүддесінің қорғалуы мәселесі қаншалық жиі көтерілетінін талдайық.
Саясаттанушы Андрей Чеботарев бір сұхбатында былай дейді: «Гендерлік мәселелер мен әйелдердің мүддесін қорғау мен қолдау күн тәртібі мынадай партиялардың сайлауалды бағдарламасында көрсетілген. «Аманат» және «ҚХП» партиялары әйелдердің мемлекеттік басқарудағы рөлінің деңгейін арттыруды жақтайды, ұсынады. «Байтақ», «ҚХП» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиялары әйелдердің зейнетке шығу жасын 58 жасқа дейін төмендетуді талап етеді. Бұл ретте саясаткерлер бұл талапты 55 жасқа дейінгі төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған көп балалы әйелдерге, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған әйелдерге де толықтырады».
«Аманат» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы гендер және әйелдер мәселесіне қатысты ұсыныстары:
- Қазақстан халқын, отбасын, әртүрлі салада жұмыс істейтін азаматтардың жалақысын арттыру. Білім беру саласында көп әйел жұмыс істейді, сондықтан оқытушылар мен мұғалімдердің жалақсын арттыру арқылы мемлекет әйелдерге толықтай қолдау көрсетіп жатыр.
- Қиын қаржылай қиындықтары бар отбасы мен олардың мүшесін толықтай жұмысқа орналастыру.
- Білім беру жүйесін жетілдіру арқылы барлық баланың тең және сапалы білім алуын қамтамасыз ету. Мектептерде отбасылық құндылықтарды жетілдіру және қолдау.
- Екі жастан алты жасқа дейінгі балалары бар барлық мұқтаж отбасынының баласын мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында орналастыру, оның ішінде 2028 жылға қарай 300 мың жаңа орын ашу;
- Тұрғын үй және сапалы инфроқұрылым беру арқылы барлық әлеуметтік топтағы отбасыларды қолдау;
- Мүгедектігі бар жандардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған шаралар;
- Тұрмыстағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасағандарды жазалауды күшейту.
Оған қоса әйелдер құқығын қорғау, ана мен баланы қолдау — Amanat партиясының негізгі басымдылықтарының бірі. Ол жайлы Ерлан Қошанов: «Бүгінде әйелдер іскерлігі мен қабілет-қарымының арқасында барлық салада табысты еңбек етіп жүр. Олардың ұрпақ тәрбиесіне қосып отырған үлесі де ұшан-теңіз. Сондықтан ана мен балаға айрықша қамқор болу, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, әйелдер құқығын қорғау – Amanat-тың негізгі басымдығы» — деп айтқан еді. Amanat партиясының әйелдер проблемасы және олардың құқығын қорғауды басты негізге алғанын партияның әйелдер қанаты бар екенінен де көре аламыз.
«Қазақстан Халық партиясының» ұсыныстары:
- Бір немесе үш балаға дейінгі балаларды тәрбиелеп отырған аналар қол жеткізе алатын баспана беру, ал көп баласы бар аналарға тегін баспана беру;
- Қазақстан халық партиясы әйелдердің зейнет жасын 58 жасқа, ал көп балалы әйелдердің зейнет жасын 55 жасқа дейін қысқартуды талап етіп отыр;
- Отбасында төртінші бала туғанда оалрдың ипотекасын өтеу;
- Мүгедектігі бар балалары бар аналарға тұрақты негізде, толық емес отбасылардағы аналарға — бала үш жасқа толғанға дейін ай сайынғы жалақыны белгілеп, төлеу;
- Балалардың жасына қарамастан көп балалы аналарға осы мәртебені өмір бойына беру;
- Толық емес отбасыларды қолдау, оның ішінде мемлекеттік алимент қорын құру;
- Тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жазаны күшейту;
- Көп балалы аналарды, мүгедектігі бар балалары бар аналарды және толық емес отбасындағы аналарды мемлекеттік сақтандыруды енгізуді ұсыну.
«Байтақ» (Жасылдар партиясы) партиясының ұсыныстары:
- Әйелдердің зейнет жасын төмендету;
- Əр балаға ана капиталын енгізу. Отбасында қанша бала бар екені маңызды емес, əр адам анасының құрсағында пайда болған сəттен бастап маңызды;
- Алимент төлемдері атқарушылық санкция төлемей-ақ қайтадан əлеуметтік төлем болуға тиіс. Толық емес отбасыларды қолдау жүйесі құрылуы керек;
- Декреттік төлемдер барлық мерзімге төленуі керек;
- Барлық əлеуметтік жəрдемақы жұмыс істейтін азаматтарға емес, адамдардың санын ескере отырып, үй шаруашылықтары бойынша есептелуі керек.
«Ақ Жол» (Қазақстанның демократиялық партиясы) партиясының ұсыныстары:
«Ақ жол» партиясы 2013 жылдан бері жас отбасылар үшін ипотекалық несие бойынша субсидияланған пайыздық мөлшерлемелерді әр бала туылған кезде 25 пайыз мөлшерінде енгізуді ұсынып келеді. Одан кейін екінші бала туғанда мемлекет ипотеканың 50 пайызын субсидиялайды, ал төртінші бала туса, мұндай отбасы ипотеканың барлық сомасына субсидия алуы керек.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) бағадарламасы бойынша ұсыныстар:
Бағдарламада: «Біз, әйелдердің құқы мен мүддесін пәрменді түрде қорғау, өзін жан-жақты дамытуына жағдай жасау, отбасы институттарын нығайту мемлекеттің басты міндеті болуы керек деп мәлімдейміз!» — деп айтылған.
Партияның ұсыныстары:
- «Еңбек нарығында кез келген гендер бойынша алалауды қатаң түрде заң арқылы тыйым салуды енгізу;
- Табысы төмен және әлеуметтік жағдайы нашар әйелдерді, әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуын дамытуды қолдайтын бағдарлама жасау;
- Әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық проблемасына қатысты қолданыстағы заңнамаларды қатаңдатып, оны халықаралық нормаларға сәйкестендіру;
- Әйелдерді қоғамдық-саяси қызметке, билік құрылымдарына араласуына тең дережеде мүмкіндік беру, олардың алға қарай жылжуына жағдай жасау.
Respublica партиясының ұсынары:
Отбасылық құндылықтар негізінде Қазақстан халқының біртұтас мәдени кеңістігін қалыптастыру.
«Ауыл» партиясының әйелдер мен гендер проблемасына қатысты ұсынысы:
Аз қамтылған және халықтың әлеуметтік осал топтары өкілі үшін азық-түлік төлем карточкаларын пайдалану.
Қазақстан азаматтары үшін отбасы, адами құндылықтар, адамгершілік пен теңдік мәселелері — әрдайым өзекті және назарда ұстайтын тақырыптардың бірі. Осы мәселелерді шешуге әрекет ету — мемлекеттің басты саяси бағдары және саяси партиялардың атқаратын міндеті. Елімізде осы уақытқа дейінгі әйел құқықтары мен құндылықтарын қорғау, гендер теңдігін сақтау мәселелері бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асып келеді.
Дегенімен, шын мәнінде, қазір қоғамда әйелдер құқығын қорғау мен олардың қажеттіктері мен құндылықтарын сақтау бойынша да жүйелі іс-шараларды жасау өзекті болып тұр. Бұл үшін президенттің, 2023 жылғы сайлауға түсіп жатқан саяси партиялар мен үміткерлердің бағдарламасында мәселені шешу жолдары ұсынылған. Енді жоғарыда айтылған ұсыныстар қалай орындалғанын жыл соңында шолу қажет.